Бірер күн бұрын танысыма белгісіз нөмірден қоңырау шалған адам «тұрмыстық техника ұттыңыз» деп қуантыпты. Әйел заты болған соң, тосын сыйлыққа тосырқамай, дереу қалай алу керегін сұрайды. Сыйлықты алу үшін телефонға жіберілген кодты айтуы қажет. Сол сәтте ойына жолдасының «бейтаныс адамға ешқандай ақпарат берме» деген ескертуі сап ете қалады. «Сенгіштігімнен алаяқтың құрбаны бола жаздадым» деп жатыр. Иә, мұндай оқиғаларды жиі естиміз. Кейінгі кезде қоңырау соғып «жарылқаушылардың» санында шек болмай тұр.
Осыдан ондаған жыл бұрын қолымыздағы ұялы телефон қарапайым сөйлесу құралы-тын. Ал бүгін оның қызметі сан алуан. Технология дамыған сайын телефонның көмегімен түрлі дүние жасай алатын дәрежеге жеттік. Оны біреулер жақсы жағына қарай пайдаланса, келесі бірі өзгелерді алдап-арбап құрығына түсіруде.
Статистикаға сүйенсек, кейінгі 5 жылда интернет алаяқтығы 10 есе өскен. Оның тең жартысы телефон арқылы жасалған. Өкінішке қарай, мұндай қылмыс жасағандарды жауапқа тарту, құрықтау әзірге қиынға соғып тұр. Дегенмен оның алдын алу маңызды.
Осыны ескерген еліміздің Бас прокуратурасы байланыс операторларымен бірлесіп, «Sim-Box» жабдығын анықтау әдістемесін әзірледі. Былтыр осындай 78 құрылғы және заңсыз пайдаланылған 50 мыңнан астам SIM-карта тәркіленген. Ал биыл шамамен тағы 30 мың нөмір анықталған.
– Бүгінде Қазақстанда жасалатын қылмыстың 34%-ы алаяқтық бағытында. Оның тең жартысы – интернет алаяқтық. Қазіргі таңда нарықта абоненттік нөмірлердің саны өте көп, кез келген адам оларды шектеусіз сатып ала алады, тіпті кейбір дүкендер тауар алған кезде тегін таратады. Сондықтан бақылау оңайға соқпай тұр. Бұл мәселе реттеуді қажет етеді. Мәжілісте бір қолға берілетін SIM-карталар санын шектеу туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Онда 10 немесе 5 SIM-карта сынды әртүрлі нұсқалар ұсынылды. Сонымен бірге, SIM-картаны тіркеу кезінде бейнетексеру енгізу ұсынылды, – дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев.
Расымен нарықта абоненттік нөмірлер саны өте көп Оларды бақылау оңай емес. Сондықтан онлайн алаяқтыққа қарсы іс-қимылға барлық мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары бірлесе жұмыс істеуге көшті.
– Министрлік тарапынан бірқатар шара қабылдануда. Мәліметтерге қолжетімділікті бақылайтын сервис, осы сервиске мемлекеттік ақпараттық жүйенің 70 пайыздан астамы қосылды. Ол жеке деректерге қол жеткізу келісімдерін жинап, хабарлама береді. Киберқауіпсіздік саласындағы компаниялармен біріккен citizensec.kz және nomadguard.kz интернет ресурстары азаматтарды хабарландыруды жақсартуға бағытталған, – дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Шыны керек, кейде осындай белгісіз нөмірден үздіксіз шалынған қоңырау адамды мезі етеді. Бірақ соған қарамастан алаяқтар түрлі айла-амалға көшіп, көпшілікті алдаудың сан алуан нұсқасын ойлап табудан шаршамай келеді. Бірде лотореядан ұттыңыз десе, енді бірде жақыныңызға қауіп төніп тұр деп қорқытады. Өзге адамның ватсап желісіне де оңай қосылып, сол адамның атынан қарызға ақша немесе көмек сұрайды. Телефон арқылы кибербуллинг жасаушылар қатары азаяр емес. Ата-анасына «балабақшадағы перзентің түскі ұйқыдан оянбай қалды» деп, тәрбиешінің атынан хабарлама жіберу – шектен шыққандық.
Алаяқтарға әзір тұсау салынбай тұр. Тіпті кейде тағы не ойлап табар екен дейсіз. Кейде сол алаяқтарды ұстап, адамның игілігі үшін бағдарлама ойлап табуға түрмеге тоғытса, жақсы болар ма еді. Әй, қайдам, олар тек алдап-арбауға ғана жұмыс істейтін секілді.
Алаяқтардың жаңа бір тәсілі – телефондағы Bluetooth батырмасы арқылы да жеке дерекке қол жеткізуді ойлап тауыпты. Ресейде сымсыз құлаққап арқылы жұртты тыңдап, ақша ұрлай бастапты. Алаяқтықтың бұл түрі бізге де келуі әбден мүмкін. Сымсыз құлаққап тағып алып, өзге адамның телефонындағы микрофонды қашықтан қосып, еріксіз тыңдайды. Қашықтан зиянды код енгізетін мүмкіндікті де игеріп алғанға ұқсайды. Сол арқылы өз құрбанының телефондағы жеке деректеріне, файлдарға, sms-хабарламаларына, байланыс деректеріне, банк қосымшаларына, логиндер мен пароль/кодтарға қол жеткізеді.
Елімізде онлайн қылмыскерлерді құрықтау үшін бірқатар шара қолға алына бастады. Нақтырақ айтсақ, sim-карталарды сатып алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізілмекші. Енді оны үшінші тұлғаларға заңсыз беру және Sim-Box-тарды заңсыз пайдалану жағдайларына қатысты жауапкершілік те күшейтіледі. Сондай-ақ алаяқтыққа қатысты заң нормалары да Мәжілісте қаралуда. Жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін де талап артпақ.
Облыста да интернет алаяқтықтың алдын алуда бірқатар жұмыс қолға алынған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті киберпол басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында. Қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез келген уақытта олардың құрбанына айналуы мүмкін. Қылмыскерлер азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануда. Әсіресе, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланады.
Өңірде жыл басынан бері 298 дерек, 118 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 41 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған.
Қазіргі уақытта жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері бар. Ол – өзін ұялы байланыс операторы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректеріңізге қол жеткізгісі келетіндер. Айта кету керек, Қазақстанның байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалатын нөмірлерді бұғаттайды. Осы уақытқа дейін 50 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Облыста киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталды, – деді Тимур Зуфарұлы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<