Білім беру мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына қатысты мәжіліс өтті

221

0

Фото: Қазалы ауданы

Кеше аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы білім саласы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді талқылауға қатысты аппарат мәжілісі өтті.

Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов мұғалімдердің әдеп нормаларын сақтауы және балалардың жазғы мезгілдегі демалысын тиімді ұйымдастыру туралы хабарлама жасаса, оған қосымша аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен жазғы суға түсу маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы баяндады.

Сондай-ақ, күн тәртібіндегі екінші мәселе жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев баяндама жасады.

Баяндамашылардан кейін аудан әкімі бүгінгі қоғамда балаға беріліп жатқан білім мен ұрпақ тәрбиесі ең өзекті мәселе екенін айтып, бұл салада кемшіліктерді жою қажеттігін жеткізді. Еліміздегі оның ішінде біздің өңіріміздегі білім ошақтарында оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды, зорлық-зомбылық, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі сынды мәселелерді ортаға салып, бұл мәселелердің алдын алуға қоғам болып кірісуге шақырды.

Сонымен қатар жауапты сала басшыларына жазғы демалыс маусымы кезінде мұғалімдердің әдеп нормаларын сақтауы, балалардың жазғы мезгілдегі демалысын тиімді ұйымдастыру, ата-аналарымен үнемі байланысты болып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түнгі рейд жұмыстарын күшейтуге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесе отыра елді мекендердегі су айдындарына кезекшілік кестесін бекітіп, рейд жұмыстарын тұрақты жүргізу жөнінде тапсырмалар берді.

Күн тәртібінде қозғалған мәселелер бойынша аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз сөйлеп, биылғы жылы қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған жаңа заңда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін заңның күшейтілгені туралы да айтып өтті.

Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да аудан басшысы бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Халықтың әлеуметтік көмекпен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екендігін айтып, ауданда бұл бағыттағы жұмыстарды да жандандыру керектігін жеткізді.

Ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала басшылары бірлесе отырып, мемлекет тарапынан беріліп жатырған мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыссыздықтың алдын алу бағытында бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<