Бір саланың жүгін бірге көтеріп келген қызметкерлер әулеті

451

0

Қоғам тынышын сақтау, елдегі тәртіпсіздікті түзеу, жол ережелерінің бұзылмауын қадағалау, көлік қозғалысының ахуалын реттеу құқық қорғау саласы қызметкерлерінің міндеті. Полицейлердің күні-түні табанынан тік тұрып, тұрғындар тынышын қамтамасыз етуі үлкен жауапкершілік жүктейді.

Оны кешегі төтенше жағдай кезінде тағы бір байқадық. Осындай қызметте еңбек етіп келе жатқан Мейіржан Айтбекұлын жаңақорғандықтар жақсы таниды. Өзі ғана емес, жары Айтолқын Мейрамбекқызы да осы саланың жүгін бірге көтеріп келеді.

Жалпы салмағы ауыр салада еңбек ететін ерлі-зайыптылар біздің елде аз емес. Десе де құқық қорғау мамандығы, әсіресе нәзік жандылардың көп қажыр-қайратын сарп етеді. Қызығынан қиындығы мол қызметте жүрген Айтолқынның арманы тек жұмыста ғана емес, жалпы өмірде де өнегелі отбасыға айналу. Бұл кез келген арудың бәрінен биік қоятын арман-тілегі.

Отағасы Мейіржан 1988 жылы мамырдың 18-і күні М.Нәлібаев ауылында туылып, мектеп табалдырығын №196 қазақ орта мектебінде аттайды. 2005 жылы мектепті бітіріп, 2006 жылы Арқалық қаласындағы «Мемлекеттік педагогикалық» институтына оқуға түседі.

– 2010 жылы осы институтты «Биология» мамандығы бойынша бітірдім. Әскери міндеттімін. 2010-2011 жылдар аралығында Қарағанды облысы, Теміртау қаласындағы №55/16 әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтеп шықтым. 2011-2013 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы Қарағанды экономикалық университетінде «заңгер» мамандығы бойынша білім алдым. Менің құқық қорғау саласындағы қызметім осылай басталды, – деді ол.

Ішкі істер саласындағы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы патрульдік полиция батальонында бастайды. 5 жыл еңбек еткеннен кейін Жаңақорғанға жұмыс бабымен ауысады.

– 2019 жылы Жаңақорған аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция тобының аға инспекторы қызметіне орналастым. Жалпы менің қызметтегі міндетім – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол қозғалыс ережелерінің өрескел құқық бұзушылықтарын анықтау, қылмыс болған жағдай оны дер кезінде ашу болп табылады. Жұбайым Айтолқын Мейрамбекқызы да осы саланың жүгін көтеріп жүр.

– Бұл мен таңдаған, бала кезден арман еткен мамандық. Адам табиғатына жақын саланы таңдайды, шыны керек, бұл қызмет мен үшін қиындық тудырмайды, қайта ел үшін еңбек етудің жолын тапқаныма қуанамын. Атқарар жұмыс жетеді, ең бастысы халықпен дұрыс жұмыс жасай білген абзал, – деді отанасы.

Жалпы құқық қорғау саласында Мейіржан Айтбекұлы сынды қаншама жастар қызметтің жүгін көтеріп, елдік мүдде жолында еңбек етіп келеді.

– Қай сала, қандай мамандық болмасын кез келген тұлға өзіне артылған сенімді, жауапкершілікті зілдей болса да көтере білу керек. Сын мен сапалы қызмет қашан да адам мерейін үстем етеді, халық атынан шынайы бағасын алады. Осы жолда еңбек етіп келетін полицейлердің бір ғана міндеті бар, ол – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Түйіндей айтқанда, бүгінде полиция қызметкерлеріне деген сын аз емес, әрине орындысы да бар. Сын түзелмей мін түзелмейді демей ме? Дегенмен әрекеті ізінен ерген жастарға үлгі бола алатын жандарға осылай құрмет білдіріп, еңбегін елге кеңінен көрсетіп, тереңірек насихаттасақ жарасады. Әсіресе бүгінгі кейіпкерлеріміз секілді бір шаңырақтың түтінін түтетіп, бір саланың жүгін көтеріп жүрген жандардың қоғамдағы алар орны бір бөлек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<