Құрылтай

Бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті

2

0

Бүгінде қазақ-түрік ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлының, Режеп Тайип Ердоғанның көшбасшылығымен бүгінде екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік нығая түсті. Бұл өз кезегінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуына серпін берді.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «TUKIB» түрік-қазақ кәсіпкерлері қауым­дастығының өкілдерімен кездесті. Кез­десуде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

– Бүгінде Қызылорда облысы тарихи мұрасымен ғана емес, инвестициялық мүм­­кіндіктерімен де ерекшеленеді. Өңір­де агроөнеркәсіп кешенін, құры­лыс индустриясын, тау-кен және өң­деу өнер­­кәсібін дамытудың, көлік-логис­ти­ка­лық әлеуетті арттырудың, сондай-ақ жаңар­тылатын энергия көздері саласында ау­қым­ды жобаларды жүзеге асырудың қажетті алғышарттары бар. Осы бағытта әрбір инвестормен ашық, сенімді және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақ басшысы «Қазақстан Зираат Бан­кі­нің» Қызылорда қаласында филиалын ашып, өңірдегі кәсіпкерлердің қаржы ре­сурс­тарына қолжетімділігін арттыруды ұсынды.

Аймақтың қарқынды дамуын ескере отырып «Қазстройподряд» компаниясымен облыс орталығында заманауи сауда және ойын-сауық орталығын салу, «Тиряки Холдингпен» бірлесіп керамикалық плита және санитарлық бұйымдар өндірісін іске қосу мәселелеріне тоқталды.

Өңдеу өнеркәсібінде «YDA Holding»-тің тәжірибесін пайдаланып, жаңа өнді­рістік жобаларды жүзеге асыруға, «Mir Yıldız» компаниясының қатысуымен гео­ло­гиялық барлау жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Осыған бай­ланысты «Қорқыт Ата халықаралық әуе­жайын» сенімгерлік басқаруға алу мүм­кін­дігін қарастыру және халықаралық хаб ретінде дамыту, «Alarko Holding»-пен жоғары технологиялық жылыжай ке­ше­нін, «Aksa Energy»-мен бірлесіп ет өңдеу комбинатын салу бағытында ынты­мақтастық орнату ұсынылды.

Кездесу қорытындысында тараптар ин­вес­­тициялық ынтымақтастықты кеңейту­ге, бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.