Құрылтай

Біз үшін білім мен тәрбие – егіз ұғым

5

0

Фото: НЗМ

Назарбаев зияткерлік мектептерінің 15-білім ордасы Сыр өңірінде 13 жыл бұрын жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде ұжым көптеген жетістікке қол жеткізіп, талай белесті бағындырды. Жас жеткіншектерге сапалы білім беріп қана қоймай, әрқайсының бойына жауапкершілік, адалдық, мейірім, ұлтжандылық сынды құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен Қызылордадағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Акбар Түсіпбаевпен оқу жылы аяқталған тұста сұхбаттасудың сәті түсті.

– НЗМ-де оқу көптеген баланың арманы десек, артық айтқанымыз емес. Ұлы мен қызы бастауыш бітір­геннен жұрт баласын осында тү­сіргісі келіп жанталасады. Назарбаев мек­тебіне түсу несімен қиын? Кім­дерді қандай шартпен қабылдайды?

– Біздің мектепке оқушылар 7-сыныптан бастап конкурстық іріктеу негізінде қабылданады. Іріктеу жыл са­йын наурыз айында екі күндік кешенді тестілеу арқылы өтеді. Бірінші күні үміт­керлер математика, сандық си­паттамалар және жаратылыстану пән­дері бойынша сынға түседі. Ал екін­ші күні қазақ, орыс және ағылшын тіл­дері бойынша тілдік дайындық деңгейі бағаланады. Нәти­жесін шама­мен 1-1,5 ай күту керек. Ата-аналар мен балаларда «неге сонша ұзақ?» деген сұрақ туындайтыны анық. Өйт­кені тестілеу қорытындысы Нидер­ланды­дағы Cito педагогикалық өл­шеулер институтында өңделеді, ал бұл біраз уақыт алады. Үміткерлердің тес­тілеу нәтижесін өң­деу әр тапсырманың күр­делілік дең­ге­йін анықтайтын, әрбір тест бөлімі бо­йынша қорытынды балл үлесін есеп­тейтін автоматтандырылған ста­тис­­ти­калық және психометриялық тал­дау негізінде жүзеге асырылады. Атал­­ған тәсіл нәтижені объективті әрі әділ бағалауды қамтамасыз етеді, сон­дық­тан апелляция өткізілмейді. «Өркен» білім беру грантын таға­йын­дау конкур­сына мате­матика бөлімі бо­йын­ша 35% (140 балл) және одан жо­ғары, сандық сипаттамалар бөлімі бо­­йын­ша 40% (120 балл) және одан жо­ғары балл жинаған үміткерлер жіберіледі.

– Грантқа таласатын оқушылар саны да көп шығар?

– Биыл конкурстық іріктеуге 1726 үміткер тіркеліп, емтихан тапсырды, яғни бір орынға шамамен 13 үміткер таласты. Бұл қоғамда Назарбаев зият­керлік мектептерінде сапалы білім бері­летінін, қоғамдық ортаның бізге сенімін көрсетеді. Ата-аналар менің балам пән­дік құзыреттілікті игерсе, тест тапсырса болды деп ой-лауы мүм­кін. Бірақ маңызды нәрсені қаперден шығарып ала­ды. Баланың психо-ло­гиялық жағдайы аса маңызды. Бала тест тапсыратын аудиторияға кіргенде қобалжығаннан білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Сон­дықтан кешенді түрде дайындық жүр­гізген жөн. Оның ішінде таңертеңнен кешке дейінгі уақытты мектеп-те өткізуге және өзгерістерге әзір болуы керек. Ол үшін біз өз тарапымыз­дан қол-дау ретінде қысқы, жазғы дем­алыс кезінде лагерь ұйымдастырамыз. Лагерь аясында оқу­шылар білім орда­сына экскурсия жасап, мұғалімдермен пікір алмаса-ды. Мекте­бімізде ашық есік күндері тұ­рақты өтіп тұрады, іс-шара кез келген ата-ананың мектептің тыныс-тірші­лігімен таны­суына мүмкіндік береді.

– Қызылордадағы Назарбаев мек­тебінің ашылғанына 13 жыл болып­ты. Ба-сты жетістіктерін сана­малап берсеңіз…

– Зияткерлік мектеп білім беру са­ласындағы жоғары сапаны қамта­масыз ету мақсатында стандарттар әзірлеу және білім беру мекемелерін ак­кре­дита­циялаумен айналысатын Ха­лықаралық мектептер кеңесінің (CIS) ак-креди­тациясынан сәтті өтіп, білім сапасын растады. Оқушыларымыз ха­лықаралық конкурстарда, респуб­ли­калық пәндік олимпиадаларда, ай­мақ­тық және желілік байқауларда үнемі үздік нәтиже көрсетіп келеді. Осы оқу жылының қорытындысы бо­йынша Samsung Solve For Tomorrow-2025 атты республикалық стартаптар бай­қауында Nauanix командасы ІІ орынға ие болып, 2,5 миллион теңге көле­­міндегі жүлдені жеңіп алды. Оқу­шылар мен студенттер арасындағы білім бе-ру үдерісі мен оқу орындарының жұмы­сын жақсартуға бағытталған EdTech Hackathon инно­вациялық IT-жобалар сайысында Нұр­дәулет Әділбек пен Дәулет Сейітқұл III орын иеленді. Республикалық ғылыми жобалар сайы­сының желілік кезеңінде оқушы­ларымыз 18 жоба қорғап, екі І орын, екі ІІ орын және төрт ІІІ орын иеленді. Қазақ хандығының 560 жыл­дығына арналған «Тарихи тағылым» респуб­ликалық желілік байқауында Гаухар Мұрат құрастырған «Алтын тақ» та-нымдық үстел ойыны І орынға лайықты деп танылды. «Менің шағын Отаным» атты жас тарихшылар бай­қауының желілік кезеңінде Асылжан Жомартқызы III орынға ие болды. Айшолпан мен Ибрахим Inno.Fest Qyzylorda-2025 инно­вациялық жо-ба­лар фестивалінде І орын иегері атанып, 1 миллион теңге жеңіп алды. Александр Ли халықаралық ғы­лыми-практикалық Логос-2025 кон­ферен­циясында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Syntharion жобасы NASA International Space Apps Chal-lenge халықаралық байқауында Аяулым Тәуекел ұсынған астероидтарды анықтай-тын жасанды интеллект жүйесі топ жарды. CodeQuest мобильді оқыту қосымшасын жасаған Даниал Шәкизада мен «Эмо­ция тілі» атты үстел ойынын құрас­тырған Нұрасыл Әбдікер «Зерде» рес­публикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқа­уында І және ІІ орынға ие болды. Жақында өткен республикалық пәндік олимпиадада мектебіміздің оқушысы Бегімсұлу Марат қазақ тілі пәні бойынша абсолютті жеңімпаз атанып, мектеп мерейін үстем етті. «Sci-ence.Technology. Algorithmization. Programming» халық­аралық байқауында Айару Қарабекова мен Жанбибі Амангелдиева ІІІ орын иеленді. «Үздік жыл психо­логі» рес­пуб­ликалық байқауында мектеп­тің педагог-психологі Жадыра Қонысбаева ІІ орынға ие болды. Infomatrix-Asia-2026 халық­аралық бай­қауында оқушы­ларымыз 5 жүлделі орын­­мен марапат­талды. Арай Нұр­баева «NIS үздік педагогі-2026» рес­пуб­ликалық бай­қауының жеңім­пазы атанды. «Панорама успешных прак­тик» конкурсының нәтижесімен «Доказа­тельный кейс» ка-те­гориясы бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәні­нің мұға­лімдері Айгүл Абуова, Айгүл Дос­қожаева, Мархабат Ізіқұлова жеңім­паз атанды. Ағылшын тілі пәні­нің мұғалімі Ақмарал Дәулетиярованың зерт­теу мақаласы Q1 CiteScore Best Quartile рейтингіне енетін Compare: A Journal of Comparative and International Education журна­лында жарық көрді. NIS Conference халық­аралық конфе­рен­ция­сында әріп­тестеріміз Жадыра Сәлімжан­қы­зының жұмысы он үздік постер тізіміне еніп, 300 мың теңгенің серти­фикатына қол жеткізді. Мате­ма­тика, физика және инфор-матика пән­дері бо­йын­ша олим­пиадалық резервтің мұға­лімдері мен жат-тық­тыру­шы­лары­на арналған ха­лық­аралық ашық шы­ғар­ма­шылық байқауда (Impact Olympiad) үш ІІІ орын және бір ІІ орынға ие болды.

Біз үшін білім мен тәрбие – егіз ұғым

– Мектептің материалдық-тех­ни­калық жабдықталуы қандай деңгейде?

– Материалдық-техникалық базаны жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соңғы кезеңде білім беру үдерісін заманауи құралдармен қамта-масыз ету мақсатында барлық оқу кабинетіне интерактивті панельдер сатып алын-ды. Бұл сабақтардың тиім­ділігін арттырып, оқушылардың қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар мұғалімдер бөлмесі толық жаңартылып, педагогтер үшін қолайлы әрі заманауи жұмыс ортасы әзірленді. Бұл олардың кәсіби қызметін тиімді ұйымдастыруына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Одан бөлек, NIS Engineering зертханасы ашылып, оқу­шылардың STEM бағыты бойын-ша практикалық дағдыларын дамытуға кең мүмкіндік берілді. Зертханада робо-то­техника жинақтары, 3D-прин­терлер, лазерлік кескіш құрылғылар, Arduino және басқа да микроконтроллер платфор­малары бар. Бұл құралдар оқу­шылардың жо-балық және инже­нерлік дағдыларын дамытуға көмектеседі.

– Өзіңіз жақсы білесіз, білім мен тәрбие қатар жүрмесе, қайран жоқ. Тәрбие мәселесінде балаларға не үйретіп, нені талап етесіздер?

– Мектеп үшін білім мен тәрбие – ажырамас ұғым. Біз оқушыдан жоғары акаде-миялық нәтижеден бөлек адал­дықты, жауапкершілікті, құрметке негіз­делген қарым-қатынасты, өзін-өзі басқаруды, қоғамға пайдалы болуды күтеміз. Себебі ер-тең ел тағдырын тек білімді ғана емес, бойында құндылық қалыптасқан азаматтар айқындайды. Бұл бағыттағы тәрбие жұмысы сөз жү­зінде емес, нақты жобалар мен жүйелі іс-шаралар арқылы жүзеге асады. Ұлттық құндылықтарды дәріп­тейтін «Қазақ әндері», «100 күйдің тарихы» жобалары, азаматтық жауапкершілік пен патрио­тизмді қалыптастыратын «Туған елге тағзым», әлеуметтік және волонтерлік бастамалар «Қоғамға қыз­мет», отба­сылық құндылықтарды ны­ғай­­татын ата-анамен бірлескен «Ата-ана сағаты», отбасылық кездесу­лер мен жобалар – осының айқын дәлелі. Соны­мен қатар оқушылардың эмо­цио­налдық әл-ауқатын қолдауға арнал­ған элективті курс бағдар­ла­малары, қауіп­сіздік пен цифрлық мәде­ниетке бағыт­талған кездесулер мен тренингтер, өзін-өзі басқару ұйым­дарының көш­бас­шылық жоба­лары жүйелі жүзеге асырылады. Біздің мақсат – баланы тек біліммен қаруландыру емес, оны өмірге, қоғамға және жауапты азамат­тыққа дайындау.

– Бұл жерде оқитындардың бәрі бірдей білім-ғылымға құштар дей аламыз ба? Талапқа шыдамайтындар да кездесуі мүмкін ғой…

– Біздің мектепте оқушылар таңер­теңнен кешке дейін білім алады. Оқу бағдар-ламасы күрделі әрі қарқынды. Жыл қорытындысы бойынша үш пәннен «3»-ке бағаланған оқушылар, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мек­тептері оқу­шыларына арналған ішкі тәртіп ере­желері мен академиялық адалдық қағи­даларын бұзған оқушылар тәртіп комис­­сиясының шешімімен мектептен шы­ғарылуы мүмкін. Бірақ мұндай жағ­дай өте сирек екенін баса айтқым келеді. Тек отбасының басқа қалаға қоныс ауыстыруына немесе 12-сыныпты бітірмей оқуға түсуіне байланысты шығатындар кездеседі.

Біз үшін білім мен тәрбие – егіз ұғым

– НЗМ-ді бітірудің артықшылығы неде? 13 жылдан бергі түлектердің мектептен кейінгі өміріне талдау жүргізіле ме? Кімдермен мақтанар едіңіз?

– 2015-2025 жылдар аралығында мек­тепті 1184 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 226 түлек Назарбаев универ­си­тетінде білім алса, тағы 85 түлек АҚШ, Италия, Че-хия, Германия, Түркия, Гонконг, Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Малайзия, Ни-дер­ланды және Ресей секілді елдердің беделді жоғары оқу орындарында түрлі ма-мандықтар бойынша білім алды. Кейбірі оқуын әлі де жалғастырып жатыр. Биыл мектепті 135 түлек тәмамдады. Оның ішінде 5 оқушы – «Алтын белгіге», 24 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер. Түлектеріміз стар­таптар құрып, жаңа технологиялар жасап, әлеуметтік маңызы бар сала­лардың дамуына үлес қосып келеді. Олар меди-цина, ақпараттық техно­логиялар, инженерия, білім беру, мем­лекеттік басқару, авиация, кәсіпкерлік және қаржы салаларында кәсіби жетіс­тіктерге жетіп жүрген белсенді аза­маттардың қатарында. Мысалы, 2016 жылғы түлектердің арасында Әліби Наят Жетісу облысындағы көпбейінді емдеу мекемесінде хирург-онколог бо-лып қыз­мет атқарады. Майя Омар – Ұлттық эко­номика министр­лігінің бас са­рап­шысы, Бейбарыс Нұрғабыл – «Қаз­атом» ком­паниясының бас менеджері, Нұр­жанна Бакуова – Назарбаев уни­вер­ситетінің ғылыми қызметкері. Біздің мектептің түлектері Диас Асылбек пен Айбек Оңалбаев бүгінде өз мектебінде мұғалім болып еңбек етуде. Ал түлектеріміздің бірі Әйгерім Бақытжан Гарвард универ­ситетінің магистра­ту­расына қабыл­дан­ды. Бізде жақсы үрдіс қалыптасқан, мақтан тұтар түлектерді жылда мек­тепке шақырып, оқушылар­мен байла­ныс ор-натуына мүмкіндік жасаймыз.

– Өзіңіз Назарбаев мектебінде оқыдыңыз ба? Басшылық қызметке қалай ор-наластыңыз?

– Өзім Шығыс Қазақстан облы­сының Зайсан ауданында ауыл мекте­бінде білім алдым. Үш тілге жетікпін. Ағылшын тіліне қызығушылығым студент кезде, яғни ғылымның тілі ағылшын тілі екеніне көз жеткізгеннен кейін басталды. Тәрбие сала-сында басқарушылық тә­жіри­бем бар. Халық­аралық бака­лавриат (IB) бағдарла-масы бойынша еңбек етіп, халықаралық сарап­шы деңгейіне дейін көтерілдім. Ди-рек­торлық қызметке тағайындал­ғаныма бір жыл болды. Оған дейін Ас­тана қала-сындағы халықаралық мектепте директордың даму ісі жөніндегі орынбасары бол-дым.

– Жас директор ретінде тә­жірибелі ұстаздарды ұйымдас­тыру қиынға тиіп жатқан жоқ па?

– Мен бұл қызметке конкурстық іріктеу арқылы орналастым. Өзім – кадрлық ре-зервтің түлегімін. Директор болып келгенімде жұмысымды сабақ­тарға қатысудан бастадым. Өзім сабақ өтіп, оған әріптестерімді шақы­рып, тәжіри­бемді бөлісіп, осылай кері байла­ныс орнаттым. Біз сабақ кестесін бірле­се жос­парлауды жолға қойдық. Бюд­­жетті жоспарлауда да осы жүйе қолданылады. Барлық жұ­мысты ко-ман­дамен бірге атқаруға тырысамын.

– Мұғалімдер жұмысқа қалай қабылданады?

– Мектептің педагогикалық құрамы конкурстық іріктеу негізінде жасақ­талады. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер профильдік пән бойынша тест және психологиялық тест тапсырады. Мұғалімдер үшін кемінде 60%, ал кура-торлар, тәрбие­шілер және психологтар үшін 50%-дан жоғары нәтиже көрсеткен кан­дидаттар келесі кезеңге өтеді. Екінші кезеңде конкурстық комиссиямен сұхбат жүр­гізіледі, кандидаттың кәсіби және тұл­ғалық қасиеттері бағаланады. Соңғы шешім барлық құжат пен екі кезеңнің нәтижесі негізінде қабыл­данады. Ме-ди­циналық қарсы көрсе­тілімі бар, арнайы есепте тұрған, сот шешімімен пе-да­гогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған немесе қажетті құжат­тарын ұсынбаған кандидаттар конкурсқа жіберілмейді. Үздік үміт­керлер жұмысқа қабыл­данады немесе екі жыл мерзімге кадрлық резервке енгізіледі. Қазір мектепте 163 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 161 қазақстандық және 2 шетелдік мұғалім бар.

– Қарбалас арасында уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»