Димаш Құдайберген Астанада концерт береді

239

0

Жастар жылы аясында Әнші Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты концерті жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ОКҚ-да өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин алдағы концерт туралы толығырақ айтып берді.
«Біз сіздермен үлкен маңызды жаңалықты бөліскіміз келеді. Біз өз тарапымыздан талантты жастарды қолдауға дайынбыз. Оның үстіне өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын. Димаш еліміздің, халқымыздың біртуар азаматы, қазақтың өнері арқылы еліміздің атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты тұлға. Бұның алдында Димаш Ұлттық арнадағы жаңа жылдық шоуға қатысқан болатын. Сол үшін корпорация, Ұлттық арна атынан Димашқа үлкен алғысымызды айтқымыз келеді. Ал бүгінгі айтылып жатқан жоба бойынша біз Димашпен бірнеше рет кездесіп, бірге талқылап, ақылдасқан болатынбыз», – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, «Қазақстан» корпорациясы «Арнау» концертінің бүкіл ұйымдастыру, түсірілім жұмыстарын қолға алып, қолдау көрсетеді.
«Арнау» атты шығармашылық концертін Димаш Астана күніне арнамақ. Ауқымды музыкалық шоу қазақстандықтар мен мыңдаған өнерсүйер қауымды Астана төрінде жинайтын болады», – деді Ерлан Қарин.
Концерт 4-5 бөлімнен тұрады деп жоспарланып отыр. Бағдарлама қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар заманауи әрлеумен орындалған Димаштың авторлық туындылары ұсынылатын болады. Сондай-ақ, концертте қазақ, ағылшын, француз, ханзу, орыс, итальян тілдерінде әндер шырқалады.
«Біз осы уақыттың ішінде осы жобаның негізгі құрылымы, мазмұны жайлы пікір алмасып, концепциясын түзедік. Қазір нақты ұйымдастыру жұмысы басталды», – деді Ерлан Қарин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<