Екі оқушыны қағып кеткен жүргізуші 5 күннен соң ұсталды

388

0

Ақтөбеде екі оқушыны қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші арада бес күн өткенде ұсталды. Ол көлігін гаражға қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында екі оқушыны көлік қағып кетіп, олар ауруханаға түсті. Кейін 8 және 9 жастағы балалардың ата-аналары, полиция көпшіліктен көмек сұрап, куәгерлерді іздеді. Арада 5 күн өткеннен кейін ғана күдікті анықталды.

«Жол-көлік оқиғасынан соң оқушылар жедел медициналық жәрдем ауруханасының реанимациялық бөлімшесіне жатқызылды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында бес тәуліктен кейін 48 жастағы «Ваз 2121» жүргізушісін анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Автокөлік оның тұрғылықты жеріндегі гараждың ішінен табылды. Оның айтуынша, қорыққан соң қашып кеткен. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Жол ережесін бұзу» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, полиция куәгерлерден «102» нөміріне қоңырау шалуды сұрап, мәліметтердің құпия қалатынына кепілдік берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<