Екібастұзда өсірілетін қызанақтан қауіпті вирус анықталды

176

0

Фото: pixabay.com

«Greenhouse-Qaztomat» ЖШС жылыжай кешенінен қызанақ жемістерінің вирусы (Tomato brown rugosefruit virus) анықталды. Вирус табылған қызанақ партиясы толығымен жойылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық фитосанитариялық диагностика және болжау әдістемелік орталығы жариялаған зерттеу қорытындысы бойынша қызанақ жемістерінің вирусы (Tomato brown rugosefruit virus) карантиндік объектіде тіркелген. Қауіпті вирус жылыжайдың шамамен 7,5 гектар алаңына тарап үлгерген.

Жылыжай өнімдерінде қауіпті вирустың тарауына байланысты Екібастұз қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен карантиндік режим енгізілді. Жоба 2024 жылғы 12 қыркүйекте «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Вирус анықталған қызанақтың көлемі жойылды. Қазіргі уақытта одан жеткізілетін өнім партиясы міндетті түрде алдын ала зертханалық зерттеуден өткізіледі. 

«Greenhouse-Qaztomat» ЖШС – еліміздегі ең үлкен жылыжай. Шаруашылықтың иелігінде 30 гектар жылыжай кешені бар. Жыл басында жылыжайдан өсімдік карантині мамандары Tobamovirus — қоңыр қатпарлы вирусын анықтағаны туралы жазған едік. 

Сол уақытта кәсіпорын өкілдері 1 млн доллар шығынға ұшырауымыз мүмкін деп дабыл қаққан. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<