Елімізде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамуда

140

0

Фото: Спорт басқармасы

Елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын жетілдіру арқылы халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, жас спортшылардың кәсіби дамуына мүмкіндік беруде.

Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы бірнеше ірі спорттық нысанның құрылысы аяқталады. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылып, еліміздің ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға серпін береді. Түркістанда ескек есу спортына арналған канал іске қосылып, су спортын дамытуға жаңа мүмкіндік туғызады. Қызылордада жаңа футбол стадионы салынып, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне беріледі. Сонымен қатар, Оралда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы да аяқталады.

Мемлекет басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастыру керектігін атап өтті. Осы мақсатта биыл Көкшетауда Қазақстанда теңдесі жоқ көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл жоба арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландырылады. Президент Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырды.

Бұл шаралар елімізде спорт саласын жүйелі дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға және халықаралық деңгейдегі спорттық жетістіктерге жетуге зор мүмкіндік береді. Спорт – ұлт саулығының кепілі, ал оның дамуына салынған инвестиция – болашаққа жасалған маңызды қадам.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<