Еңбек адамының мүддесі үшін

942

0

Кәсіподақтар күніне орай «Әділеттілік пен даму – бірлікте!» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, кәсіподақ мүшелеріне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың ықыласын жеткізді.

– Биыл еліміздің кәсіподақ қозға­лысына 115, ал Қазақстан Кәсіп­одақ­тары федерациясының құрыл­ға­нына 30, Қызылорда облысы кә­сіп­одақтарына 70 жыл толып отыр. Сіз­дерді осындай айрықша даталармен құт­тықтауға рұқсат етіңіздер. Жалпы, кә­сіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүддесін, еңбек құқы­ғы­ның бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көр­сетуші басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктерге кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол деп айта аламыз. «Еңбек адамына – лайықты өмір» деген қағидаға берік ұйым мүшелері мұны қарапайым ұран емес, әрбір азаматтың өмір сүру аксиомасы деп біледі. Мереке тағы да құтты болсын, ел игілігі үшін жасаған еңбектеріңіз жемісті болғай, – деді Наурызбай Байқадамов.

Жиында «Қызылорда облыстық кә­сіподақтар орталығы» аумақтық кә­сіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов жалақының уақытылы берілмеуі, жұмыс берушімен арадағы дауды түсіністікпен шешу секілді өзекті мәселелер кәсіподақтарға жүк­телген басты міндет екенін алға тарт­ты. Ал, бұл міндеттердің үдесі­нен шы­ғу мақсатында ауқымды істер қол­ға алынуда. Жақында өткен  ҚР Кә­сіп­одақтар федерациясының кезекті XXVI съезі бағыттың айқын, мақсат­тың анық екенін көрсетті. Бұл шарада бес жылғы белес пен алға жос­парлар нақтыланып, 2021-2025 жыл­дарға арналған даму стратегиясы қабылданды.

– Ауқымды жиында еңбек ұжым­дары мен жұмыс берушілер ара­сында байланыс жүйесінің тиімділігі, аттестация өткізетін кәсіби бағалау­шылардың институтын құру және өтемақылық үлгіден кәсіби қауіптерді басқаруға тез арада ауысу қажеттігі аталды. Бұдан бөлек, пандемия дағ­дарысынан кейін экономиканы қал­пына келтіру және еңбек адамы­ның лайықты өмір сүру деңгейін қамта­масыз ету мәселелері көтерілді. Кезекті съезд ал­дағы жұмысқа серпін сыйлағаны сөзсіз, – деді С.Сермағамбетов.

Жиында кәсіподаққа сіңірген елеу­­лі еңбегі үшін бірқатар азамат об­лыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төс­бел­­гісімен, Құрмет грамотасымен ма­ра­пат­­талды. Маңызды шара қала өнер­паздарының әсем әншашуымен қоры­тындыланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<