Бердібек Машбекұлымен алғашқы танысуым ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында Қызылорда қаласында болды. Ол кезде Бердібек Машбекұлы Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың орынбасары болатын. Қызылорда педагогикалық институтының ректоры Абай Айтмұхамбетовтың кабинетінде жұмыс барысын талқылағаннан кейін, түскі асқа біздің үйге келдік. Ас үстінде кім екенімді, қайдан білгенімді, мамандығымды, проректорлық жұмысымды көріп-білгеннен кейін: «Сен неге ректор болмай жүрсің?» деген сұрақ қойды. Мен: «Ол маған байланысты емес қой» деп күлдім.
Көп ұзамай ректорымыз Әбекең Көкшетауға ректор болып ауысты. Босаған ректорлық орынға Бекең министрге менің кандидатурамды ұсынып, жұмысымды істей алатыныма көз жеткізіпті. 1991 жылы Бекеңнің оң, жылы сөзінің арқасында баламалы негізде өткен сайлауда жеңіске жетіп, ректорлық қызметке келдім.
Ол кезде министрлік Алматыда еді. Әрине, іссапармен барған кездерімізде кездесіп, ой бөлісіп, қатар азаматтармен зайыбы Ғайшаның қолынан шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Бір-екі жылдан кейін Бекең Министрлер кабинетіне жұмысқа ауысты. Ол кезде де кездесулер жалғасын тауып жүрді.
1995 жылы күзде кезекті бір іссапарға Алматыға жүретін болып, Бекеңе телефон шалып едім, мен Қызылордаға бара жатырмын деді де, телефонды қоя салды, түсінбей қалдым. Сөйтсем, Бекең Қызылордаға облыс әкімі болып келе жатыр екен.
Бекең әкім болғаннан кейін өзінің командасына іскер, жаңалықтарға құмар жастарды жинады. Бір күні мені шақырып, менің жеке іс қағазымды оқып берді: «Мәскеудің басқару университетінің «қала және қала шаруашылығы» мамандығын бітірген екенсіз, неге әкім емессіз?» – деді. Мен күліп: «әкімді мен қоймаймын ғой» дедім. Бекең де күліп: «Мен сізге қалаға әкімдік қызмет ұсынып отырмын», – деді. «Мен ректормын ғой, ол әкімнен жоғары емес пе?» – дедім. «Жоқ, әкім жоғары», – деді. Сөйтіп, әкім болған соң ғана әкімнің жұмысының масштабын, жауапкершілігін сезіндім, шүкір, 4 жыл бойы Бекеңмен қызметтес болып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Әр кездескенде «жаңа идеялар керек» дейтін еді. Жаны жаңашылдыққа құмар болатын. Тыным таппай барлық ауданды аралап, тұрғындармен кездесіп, мәселелерін уақытында шешіп отырды, халықтың алғысына ие болды.
Жаңа жұмыс, жаңа адамдар, әрине, оңай емес. Бүкіл елдің тыныс-тіршілігі, келешегі, барлығы әкімнің іс-қимылына, азаматтығына, біліміне, адамгершілігіне, дұрыс шешім қабылдауына байланысты екені белгілі. Осы жылдар бедерінде оң бастамашыл, болымды басшы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлекеттілігін қалыптастыруға, зор үлес қосқан қайраткер ретінде танылды. Облысты басқарған кезінде нағыз ұйымдастырушылығымен, жаңашылдығымен және еңбексүйгіштігімен ел ішінде, әріптестері арасында үлкен беделге ие болды.
Бекеңнің облысты басқарған 1996-1999 жылдары қалада көптеген объектілер салынды. Тағзым алаңы, Амангелді ескерткіші, Арбат скеверлері, 6-7 субұрқақ, ұзартылған, абаттандырылған көшелер, бірінші қабатта ашылған дүкендер мен тұрмыстық қызмет көрсету орындары, мейрамхана, кафелер. Біздің әкімдік кезімізде қаңтар айында ТЭЦ-те күтпеген үлкен авария болды, пештердің төбесіне ғимараттардың плиталары құлап, жылу беретін қызындықтар істен шықты. Барнаулдан мамандарды шақырып, қаһаған қыста әлекке қалдық. Миникотелдерді сатып алып, қаланың 5-6 жерінде миникотелдер арқылы жылу бердік. Төбесі құлаған ТЭЦ-ті орнына келтіру, тағы басқа жұмыс жасалды.
Бекең ылғи ой үстінде жүретін, ертең не істейміз, келешекте аймақты қалай дамытамыз деп тыным таппайтын. Қарапайым отбасынан шығып, осындай биіктерге шығу ата-ананың тәрбиесі мен өзінің талап-тілегінің, ізденімпаздығының нәтижесі деп білемін.
Бекең өмір жолы келешек жастарға үлгі, ерекше асыл адам еді.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ
Ұлттық Ғылым академиясының академигі





