Ерлік ешқашан ұмытылмайды

1201

0

Бүгін облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 7 сәуірі күні кеудесін оққа тосқан қазақстандық жауынгерлер аталған шекарада ерліктің үлгісін көрсетті. ҚР Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып атап өтіледі. Сол күні суық қаруланған лаңкестермен кескілескен шайқаста 17 қазақстандық қаза болып, 34-і ауыр жарақат алды.

Шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов ардагерлерге лебізін білдіріп, дендеріне саулық тіледі.

̶  Бізбен бірге Сыр елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген Тәжік-Ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп-құрметтеуді өзіміздің борышымыз деп білемін. Өмірін тәуекелге тіккен жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталады,  ̶  деді ол.

Ардагерлер одағының республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы естелік айтты.

Соңында Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды, жауынгерлердің рухына құран бағышталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<