Костенко шахтасындағы апат: 46 кеншінің дене бөлшектері табылды

389

0

Фото: Kazinform

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағандының Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқан адамдардың саны 46-ға жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды агенттігі kazinform.

«Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды. Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, алтауы әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптама жүргізіледі. Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түсті», – деді министр.

Сондай-ақ, ол шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған», – деді Сырым Шәріпханов.

Айта кетейік, 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, кейін 45 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.

Осыған байланысты Қазақстанда 29 қазан — Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

30 қазанда бірқатар БАҚ өрт кезінде шахтада қалып қойған 46 адамның да денесін туыстары танығанын хабарлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<