Көпбалалы отбасыға көмектесті

102

0

1 маусым – балалар күніне орай және ішкі істер органдарының ақпараттық қызметінің құрылғанына 100 жыл толуына байланысты, сонымен қатар мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазан айында Ақпараттық-аналитикалық орталығының қызметкерлері 11 бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасыға кішкене болса да көмек қолын созып, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне бастамашы болды.

Бұл отбасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж болғанымен, балалары жан-жақты, оқу үлгерімдері де қуантарлық. Мәселен, балалардың үлкені Астана қаласындағы Аграрлық университетінің 5-курсында оқыса, кейінгі балалары мектептегі оқуларымен қатар, спорттық, шығармашылық қызығушылықтарын қатар алып жүреді. Дәлел ретінде, каратэден жарыстарға қатысып, қалааралық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген ұлын айтуға болады. Ал, тағы бір қызы алғырлығының, білімділігінің нәтижесінде үздік оқушы атанып, «Үздіктер шеруіне» де қатысқан.

Полиция қызметкерлері аталған отбасының жағдайымен танысып, балалардың болашақта үлкен жетістіктерге жететіндігіне сенім білдіріп, өздерінің ағалық ақыл-кеңестерін айтты.

Бұл полиция қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылып жатырған қайырымдылық шаралардың біріншісі де, соңы да емес, себебі қоғамдық тәртіп  пен ел тыныштығы күзетінде жүрген сақшылар аталған шараларға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық борыштарын өтеуді жалғастыра бермек.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі