“ӨЛКЕТАНУ” АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

236

0

Елімізде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында республикалық “Өлкетану” акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты – еліміздің әр аймағындағы мектеп оқушыларына киелі жерлерді таныстыру, жас ұрпақтың өз еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, әрбір өлкенің табиғаты, киелі жерлері жайлы танымын кеңейту. Акцияға барлық облыстың мектеп оқушылары қатысады. 

Осыған орай өңірде облыстық білім басқармасы мен аймақтық “Рухани жаңғыру” орталығының ұйымдастыруымен 70-тен астам мектеп оқушысы Ақмола облысына саяхатқа аттанды. Акцияға әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылардың балалары қатыстырылуда.

– Алдын ала келісім бойынша екі аймақтың оқушылары өзара достық қарым-қатынас орнатып, өз өлкелерінің киелі жерлерін бірге аралайтын болады. Бұл шара арқылы оқушылар ұлтымыздың өткен тарихы, танымал тұлғалар жайлы қызықты деректерге қанығады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы негізінде алғаш рет жүзеге асырылып жатқан акция жас ұрпаққа есте қалар тағылымды шаралармен маңызды болмақ. Оқушыларға жақсы демалыс, сәттілік тілеймін, – дейді “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.

Айта кету керек, алдағы уақытта Ақмола облысының мектеп оқушылары да Сыр өңірінің қасиетті жерлеріне акция аясында арнайы сапармен келетін болады.

М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<