МЕДИАТОР МҮДДЕСІ – ОРТАҚ МӘМІЛЕ

495

0

Қызылорда қаласының №2 сотында «Медиация – сотсыз татуласу» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді. Оған судьялар, облыстық прокуратура, облыстық және қалалық ішкі істер депар­таменті, ЗК-169/1 мен ЗК-169/5 мекемесі, облыстық қылмыстық атқару жүйесі депар­таменті өкілдері және медиаторлар қатысты.
Қазақ ежелден – мәмілегер халық. Кез келген даулы мәсе­лелерді келісіммен шешіп отырған. Баяғыдан қалған осы үрдіс бүгінде медиация арқылы жүзеге асуда.
– Дегенмен, медиатордың кө­ме­гіне жүгінушілер әлі де аз, мүм­кін халыққа заңды түсіндіру жұ­мыстарын әлі де жетілдіру керек шығар. Мәселен, сот жүйесі да­мы­ған елдерде істің 90%-і (Сингапурда – 95%) медиация тәртібімен ше­шіледі. Сотқа жүгіну жүктемесі азайтылса, істі қарау сапасы да көтеріледі, ауыр істерді қарауға судьялардың уақыты да көбейетін болады. Олардың мүддесіне сотталушы мен жәбірленушіні татуластыру көзделген. «Дөңгелек үстелде» бас бостандығынан айыру мекемелеріне медиаторларды кір­гізіп, сотталушы мен жәбір­ленушіні тең сөйлестіру мәселесін көтердік. Себебі, адамдарды татуластыру үшін ең алдымен олармен байланыс болу керек. Ортақ байланысты медиа­торлар жалғайды, – деді қалалық №2 сотының төрағасы А.Әбу.
Медиацияның ерекшелігі, бұл процедура сотқа дейін, сот бары­сында және соттан кейін де жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тараптарды ымыраға келтіріп бейбіт келісім жасатып, сот және атқарушылық өндірістің тоқтатылуына негіз болады. Бүгінде құқық қорғау қызметтері орталығында «Ме­диацияны дамыту орталығы» рес­публикалық қоғамдық бір­лестігі облыстағы филиалының тәжірибелі медиа­торлары жұмыс жасайды. Орталықтың облыстағы филиал директоры Руслан Бейіс өз баяндамасында орталық ашылғалы 320 келушіге медиацияға қа­тысты кеңес берілгенін, сотсыз тату­ластыру жүзеге асырылғанын баян­дады. Сондай-ақ, еңбек даулары, отбасында туындаған даулар, өзге де азаматтық қаты­настарға бай­ланысты дауларды шешуге кеңес­тер берілді.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<