Жыл сайын мыңдаған талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанады. Бұл – жастардың білім алып, маман болып қалыптасуына берілген үлкен мүмкіндік. Мемлекет әр студенттің оқуына қомақты қаржы бөліп, елдің адами капиталын дамытуға инвестиция жасайды. Алайда грант иегерінің де белгілі бір міндеті барын бірі білсе, енді бірі біле бермес. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік грантпен білім алған түлектердің бір бөлігі оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс істеп, оны өтеуге міндетті.
Иә, мемлекеттік грант – жай ғана тегін білім емес, үлкен жауапкершілік. Себебі олар арнайы келісімшартқа қол қояды. Бұл талаптың басты мақсаты – кадр тапшылығы байқалатын салаларды мамандармен қамтамасыз ету. Әсіресе педагогика, медицина және ауылдық жерлерде жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы маңызды мемлекеттік саясаттың бір бөлігі саналады.
ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚТАР БАР?
Ең жиі кездесетін қиындықтардың бірі – мамандық бойынша тұрақты жұмыс табу. Кей өңірлерде бос жұмыс орындарының тапшылығы байқалса, кей жағдайда ұсынылған қызметтің жалақысы немесе еңбек жағдайы жастардың күткен деңгейіне сәйкес келмейді. Сонымен қатар отбасылық жағдай, денсаулық мәселесі, жұбайының басқа қалада жұмыс істеуі сияқты әлеуметтік факторлар да өтеу міндетін орындауды қиындатады.
Осындай себептерге байланысты кейбір түлектер міндетті еңбек өтеудің орнына грант құнын мемлекетке қайтаруға мәжбүр болады. Алайда бұл сома жас маманға айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді.
Арайлым Нұрланқызы – Қорқыт ата университетінің биылғы түлегі. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Айтуынша, төртінші курсқа өткеннен кейін грант ақшасын қайтару жөнінде айтыла бастаған.
– Студенттерге түсіндірме жұмыстары толық жүргізілді. «Мансап» және қаржы орталығының мамандарымен біріге отырып хабарлама алмасу үшін WhatsApp-тан чат ашылды. Сонда барлық мәлімет беріліп отырды.
Шарт бойынша өзім 3 жасқа толмаған баламның болуына байланысты грантты өтеуден толығымен босатылдым. Сонымен қатар 3 жасқа толмаған балалары барлар, мүгедек санатындағылар немесе аяғы ауыр екенін растайтын құжаты бар студенттер мен сияқты өтеуден толығымен босатылады. Қаржы орталығымен байланыс үшін 1414 байланыс нөміріне хабарламаға келісім беру үшін 511 санын теріп барлық қаржылық және жұмыс жағдайымызды бақылауға келісім бердік.
Бізге жұмыс тауып береміз деп уәде еткен. Дегенмен ауыл-аймақтарға жібереді. Бірақ «Жастар тәжірибесімен» бір жыл ғана. Әрі қарай да жалғастырып, 3 жылға толтырса өтеуден құтылады. Егер осы аралықта өтеп жүріп, тұрмыстық жағдай немесе декреттік демалысқа шықса, орталыққа ескертіп, жұмыссыз болып тіркелуі керек. Тағы бір шарт, егер студент оқу бітіріп, әскерге кетіп толық бір жыл әскери билетпен келетін болса, өтеуден толық босатылады, – дейді түлек.
ЗАҢГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Бір топ сарапшы мемлекет қаржысына оқыған азаматтың елге қызмет етуі заңды әрі әділетті талап екенін айтады. Себебі жоғары білімге жұмсалатын бюджет қаражаты – салық төлеушілердің ақшасы.
Ал екінші тарап қазіргі еңбек нарығының өзгергенін алға тартады. Олар түлектің кәсіби дамуы, жұмыс таңдау еркіндігі және жеке өмірлік жағдайлары көбірек ескерілуі тиіс деп есептейді.
Сарапшылар бірнеше бағытқа назар аударуды ұсынады. Біріншіден, еңбек нарығына нақты болжам жасалып, грант саны сол қажеттілікке қарай жоспарлануы тиіс. Екіншіден, өңірлерге жұмысқа баратын жас мамандарға тұрғын үй, көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген несие сияқты әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілсе, өтеу міндетін орындауға деген ынта артар еді.Үшіншіден, ерекше өмірлік жағдайға тап болған түлектер үшін өтеу мерзімін кейінге қалдыру немесе баламалы тетіктерді қарастыру жүйенің әділдігін күшейтеді.
Расымен, әлеуметтік желіні ашсаңыз, қазір осы мәселе күйіп тұр. Мәселен, «Грантпен оқығаным үшін 4 миллион теңге айыппұл келді. Оны білгенімде ақылы түрде оқитын едім» деген секілді жазбалар көп. Заңгер Амангелді Бекмырза бұл ретте ақпараттың ашықтығы маңызды деп есептейді.
– Көптеген түлек грант өтеу тәртібі, жұмысқа орналасу талаптары немесе міндеттен босату негіздері туралы толық ақпаратты оқуын аяқтар кезде ғана біледі. Сондықтан жоғары оқу орындары бұл талаптарды бірінші курстан бастап тұрақты түсіндіріп отырғаны жөн. Расымен кейде ақылы оқыған да жақсы. Бірақ грантта оқып, сол мамандық бойынша жұмыс істесеңіз өте тиімді. Егер сізге 4 млн теңге айыппұл келсе, онда белгілі бір заңсыздықтар бар деген сөз. Оны анықтап, заңнамада көрсетілген бірнеше негіз бойынша қайта саралауға болады. Айталық, жүктілік, магистратура, шетелге оқуға түссеңіз, әскерге барсаңыз босатыласыз. Менен бұл тақырыпта кеңес сұрап көмекке жүгінетіндер көп. Грантты өтеудің ең оңай жолы қандай деп те сұрайды. Кей түлектер егер жеке кәсіпкерлікке тіркеліп, зейнетақы қорына ақша түсіріп отырсаң құтылуға бола ма дейді? Бұлай жасауға болады. Алайда егер педагогика бағытында оқысаңыз, білім беру мекемесінде немесе медицинада оқысаңыз, сол мамандықпен ғана жұмыс істеу керек, ауылдық квотамен оқыған болса, ауылдық жерде жұмыс істеу, ауылда жұмыс табылмаса, ол туралы анықтаманы университетке өткізу керек.
Заңгердің айтуынша, гранттың өтеуі секілді мәселе өзге елдерде жоқ.
– Басқа елдерде грант деген түсінік бар, бірақ оны қайтару деген болмайды. Мәселен, Ресейді алайық, біздегі ҰБТ сияқты олардың түлектері де жыл сайын ЕГЭ тапсырады. Одан өткендер бюджетке ілінеді. Біздегі грантқа ұқсас. Оқуды аяқтаған соң, мемлекетке оның ақысын қайтару деген жоқ. Ал Қытайда Гаокао деген тест тапсырады. Одан өткендер толық немесе жартылай қаржыландырылады. Ол жақта да кейін өтеу, мемлекетке қайтару деген жоқ. Менің пікірімше, мемлекеттік грантты қайтару дегенді алып тастаған жөн. Себебі, осы мемлекеттің азаматы оқуын бітірген соң өзі үшін жұмыс істейді, кәсібін ашады, одан салығын төлейді. Сол арқылы мемлекеттің мақсаттары жабылады деп есептеймін. Жалпы оны өтету қажет емес, – дейді.
ГРАНТТЫ ӨТЕУГЕ МІНДЕТТЕЛГЕН МАМАНДЫҚТАР
Бірінші санат – ауыл квотасымен оқығандар. Педагогика, медицина, ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ауыл жастарына бөлінетін квотамен оқыған түлектер ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек. Екінші санат – «Серпін» бағдарламасының қатысушылары. Олар қоныс аудару өңірлерінде кемінде екі жыл еңбек өтеуге міндетті. Үшінші санат – педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша грантпен оқығандар. Олар оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл білім беру немесе денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуі тиіс. Төртінші санат – басқа мамандықтар бойынша мемлекеттік грантпен білім алғандар. Олар да үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті, бірақ нақты бір мекемеге байланбайды. Ал PhD және бейіндік докторантура түлектері университеттерде, ғылыми ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде немесе клиникалық базаларда кемінде үш жыл жұмыс істеуі қажет.
ЕГЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛСАҢЫЗ…
Өтеу уақыты бітпей жұмыссыз қалған жағдайда да түлек грантты қайтаруға міндеттелуі мүмкін.
– Егер түлек міндетті жұмыспен өтеу мерзімі аяқталмай жатып жұмыстан шығып кетсе, оған бірден айыппұл салынбайды. Бірақ ол қайта жұмысқа орналасып, өтеу мерзімін жалғастыруы керек. Заң бойынша жұмыстан кеткен түлек 30 күн ішінде жаңа жұмыс табуға міндетті. Егер жұмысқа орналаспаса, онда ол өтеу талабын орындамаған болып есептеледі, – дейді қаржы орталығының мамандары.
Мұндай жағдайда мемлекет оның оқуына бюджеттен жұмсалған қаражатты қайтаруды талап етеді. Бірақ түлек бүкіл грант сомасын емес, тек өтелмеген кезеңнің ақшасын қайтарады. Мысалы, түлек 3 жылдың 2 жылын жұмыс істесе, онда қалған 1 жылға кеткен шығын ғана есептеледі.
АЙЫППҰЛ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?
Қайтарылатын сома арнайы формула арқылы есептеледі. Оның ішінде мемлекетке қайтарылатын сома, студенттің оқуына жұмсалған жалпы бюджет қаржысы, міндетті жұмыспен өтеудің толық мерзімі, нақты жұмыс істеген уақыт.
Түлек қанша уақыт еңбек етсе, сол мерзім есептен шығарылады. Егер түлек оқу шығынын уақытында төлемесе, оған қосымша өсімпұл есептеледі. Бұл Азаматтық кодексте «тұрақсыздық айыбы» деп көрсетілген. Өсімпұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қарай есептеледі. Қазір ол шамамен 18 пайыз деңгейінде, яғни қарыз көлемі мен кешіктірілген күн саны көбейген сайын айыппұл да өседі.
Қаржы орталығының дерегіне сәйкес, 2023-2025 жылдары мемлекеттік грантпен оқыған 173976 адам оқуын аяқтаған. Оның ішінде 82723 түлек қазір жұмыспен өтеу мерзімінде жүр, 691 адам міндеттемесін толық орындаған, 41803 адам заң аясында жұмыспен өтеуден босатылған, 4515 адам жұмыспен қамту орталығында тіркелген, 189 адам мемлекетке оқу шығынын қайтарған, 49 адамның міндеттемесі қайтыс болуына байланысты тоқтатылған. Сонымен бірге 44 мыңнан астам адам міндеттемесін орындамағандар қатарында тұр.
Қаржы орталығы бүгінде грантпен оқыған түлектер туралы ақпаратты арнайы ақпараттық жүйеде жүргізеді. Түлектер өз міндеттемесіне қатысты мәліметті Қаржы орталығының ресми сайты, әлеуметтік желілер, университеттердегі түсіндіру кездесулері, EGOV порталы, WhatsApp және электронды поштамен келетін хабарламалар арқылы ала алады. Сонымен қатар түлек орталыққа тікелей хабарласып, жұмыспен өтеу мерзімі, қарыз көлемі немесе босату негіздері туралы толық ақпарат сұратуға құқылы.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






