Мейрамбек Беспаев пен Айгүл Үлкенбаева Астанадағы ауқымды шоуда өнер көрсетеді

199

0

1 шілде күні Астанада өтетін «Ұлттық домбыра күнінде» өнерсүйер қауым Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Мейрамбек Бесбаев, Асылбек Енсепов, Айгүл Үлкенбаева сынды танымал әншілердің өнеріне тәнті болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Фейсбуктегі «Астана» парақшасына сілтеме жасап.
Ұлттық домбыра мерекесінде Қазақ даласының ең танымал күйлері ойналады. Айтулы шоуға өнер жұлдыздарымен бір сахнада қатысуды қалайтындар www.asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркеліп, қатысу шарттары туралы ақпаратпен танысуы тиіс.
«1 шілде күні 12:00-де «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда елорда әуенін бірге шырқайық! Толық ақпаратты www.asyldombyra.kz сайтынан алуға болады, сондай-ақ Инстаграмдағы @asyldombyra.kz парақшасындағы жаңалықтарға құлақ түре жүріңіздер», – деп хабарлайды шараны ұйымдастырушылар.
Осы күні «МұзАрт», «Асыл» топтары, Асылбек Еңсепов секілді көптеген қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Алаңда бой көтерген этно-ауылдың қақ ортасында домбыра музейі, ал қалған киіз үйлерде қазақтың халық аспаптарының музейлері орналасады. Шараға келушілерді қолөнер шеберлерінің киіз үйлері қонақ қылады, онда музыкалық аспаптардың дайындалу процесі мен технологияларын көруге болады.
Мерекеге қатысуға барша қауым шақырылады.
Жаппай домбыра тартуға қатысу үшін: «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым», «Сары-Арқа» күйлерін білу және тіркеуден өту қажет.
Дайындық 30 маусым күні 12:00-де болады. Оған қатысу міндетті. Репетицияда қатысушыларға қосымша ақпараттар беріліп, арнайы бейджиктер таратылады.