Өзара сенім мен құрметке негізделген бауырластық

4

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмазбен кездесті. Елімізге алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазға ілтипат білдіре отырып, бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне назар аударды.

– Бауырластығымыз өзара сенім мен құрметке негізделген. Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елі­мізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар ая­сында Стратегиялық ынтымақтастық кеңе­сінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа ке­лі­­сім­дерге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Қазақстан Премьер-министрі және Түркия Вице-президентінің тең төрағалығымен өткен Үкіметаралық комиссия қорытындысы екі елдің сан қырлы әріптестігін одан әрі жандандыра түсетініне сенім білдірді.

Джевдет Йылмаз қазақ елінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, Түркия көшбасшысы Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.

– Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында жаңа ғана Премьер-министр Олжас Бектенов мыр­замен бірге Үкіметаралық сауда-эконо­ми­калық комиссиясының 14-отырысын өткіз­дік. Оның қорытындысы бойынша түрлі сала­дағы нақты шараларды іске асыратын бірлес­кен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат алдағы кезеңге арналған сауда-эконо­микалық ықпалдастығымыздың жол карта­сына айналады, – деді Түркия Вице-президенті.

Джевдет Йылмаз жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референ­думның табысты өтуімен құттықтап, Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы осы тарихи сәтте бауырлас түрік халқының қолдауын сезінгенін, Түркиядан келген байқаушылар референдумға ерекше атсалысқанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ын­ты­­мақ­­тастығын нығайту перспективасы тал­қы­ланды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, инфра­құрылым, энергетика, логистика, агро­өнер­кәсіп кешені, білім және туризм сала­ла­рында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джевдет Йылмаз халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.