Оқуға құштар құлыншақ

2106

0

Осы уақытқа дейін білім саласындағы инновациялық жобаларды жандандыру, балалардың оқуға қызығушылығын арттырып, ғылымға елітуге бағытталған «Серіктес директорлар» лигасы үздіксіз өткізіліп келеді. Соның арқасында аудандағы ондаған мектеп балалардың ғылыми ізденісіне, көтеріңкі көңіл күйіне оң әсер ете алды. Ал кеше Қ.Күлетов атындағы 92 мектепте семинардың жартыжылдық қорытынды жиыны өтті.

Жергілікті білім беру ұйымдарының директорларын Құмжиек ауылына Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов бастап барды. Меймандарды республикалық конкурстардан жүлделі оралып жүрген «Керім-ай» бишілер тобы қарсы алып, көтеріңкі көңіл күйге бөледі. Шара басталмас бұрын ауданның бас ұстазы «Серіктес директорлар» лигасының жетістері жайында пікір білдірді.

– Жауапкершілігі мол, ауқымы кең жобаны ауданда өткізу туралы ой келгенде сенімсіздік болғанын жасырмаймын. Сіздердің, ұйымшыл балалардың ізденісінің арқасында инновациялық жобаларды дамыту бойынша мол тәжірибе жинадық. Жақында Ы.Алтынсарин атындағы 204 мектепте өткен семинарға аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы қатысқанын білесіздер. Бүлдіршіндер ғылыммен айналысып отырғанын көрген аудан басшысы да, басқа аудандағы, облыстағы әріптестеріміз де таңданыстарын жасырмай, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұл жобаның сәтті іске асқанын білдірсе керек. Бүгінгі жартыжылдықтың қорытынды семинары да тың жаңалықтарға толы болады деп сенемін, – деді Ә.Оңдасынұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Күлетовтың есімі берілген мектеп оқуға құштар құлыншақтарға бай. Мұндағы кітапхана Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен екіжақты келісімге қол қойған. Соның арқасында веб-сайт арқылы балалар Нұр-Сұлтан қаласындағы білім кенішіне еркін бойлап, көп жерде кездесе бермейтін кітаптармен таныса алады. Мектеп сайтына электронды әдебиеттер енгізіліп, үйде отырып кітап оқуға мүмкіндік қарастырып қойған. Бұдан бөлек, бүлдіршіндері аудио-ертегілер таспалап, бастауыш сынып оқушыларына әдістемелік құрал әзірлеуге септескен.

Семинар барысында Book Trailer қосымшасының тиімді жақтарын Елбасы медалінің иегері, мектеп мақтанышы Аида Тұрсынбаева түсіндіріп өтті. Ал 9 сынып оқушысы, тоғызқұмалақ ойынынан бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Айым Сәулет онлайн ойын платформасын таныстырды. Оқушылардың төл туындысы саналатын бағдарлама арқылы әлемнің кез келген қаласындағы спортшыны сайысқа шақыруға болады.

«Оқуға құштар мектеп» жобасының ауқымы кең. Осының аясында жаңа туындының тұсауы кесілді. 258 мектеп директоры К.Кеулімжай осы уақытқа дейін балаларға білім беру барысында өз пәні бойынша қиындық тудырған терминдермен жекелей жұмыс жасаған. Нәтижесінде «Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі географиялық термин сөздер» жинағы жарыққа шықты. Салтанатты шарада Ә.Оңдасынұлы кітап лентасын қиып, әдістемелік құрал авторын құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бәрінен бұрын, семинарға қатысушыларды 8 сынып оқушысы Досбол Нұрбергеннің кәсібі тәнті етті. Талапты бала 120 жұмыртқаны бір сәтте балапанға айналдыратын инкубатордан пайда табады.

– Балапан шығару үшін жұмыртқа тоңазытқышқа салынбаған, сырты жуылмаған, зақымдалмаған болуы шарт. Мұндай жұмыртқаны 50 теңгеден сатып аламын. 70-80 процентінен балапан жарып шықса – еңбектің ақталғаны. Бірақ үш апта уақыт күту керек. Оның әрқайсысы 500 теңгеге бағаланады, – дейді жас кәсіпкер.

Шара соңында «Мектеп театры» жобасы көптің назарына ұсынылды. Бала-әртістер «Абай-Тоғжан» қойылымын шебер ойнап шықты. Ойды сан-саққа жүгіртіп, түрлі сезімге бөлеген үйірменің жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Қанатбаеваға көрермендер ыстық ықылас танытып, қошеметке бөледі.

Айта кету керек, білім ордасында «Мектеп спортынан – әлемдік аренаға», «Жасыл мектеп», «Қылқалам шеберлер көрмесі», «Мектеп парламенті» сияқты жобалар аясында көрме ұйымдастырылды. Семинардың жалғасы экологиялық бағдарламаға басымдылық берілген Қ.Пірімов атындағы 103 мектепте жалғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<