ОҚЫРМАНЫ КӨП КІТАПХАНА

456

0

Біз бала кезімізде мектептің кітапханасына баруға асығатынбыз. Мектеп кітапханасында қызмет жасаған марқұм Несібелі Жұбаназарова көпшіліктің әлі есінде. Ұстаздар әулетінен шыққан апайдың биязы мінезі, біліктілігі балалардың кітап оқуға, білімге деген құштарлығын арттырғаны анық. Бастауыш сыныпта жүргенде Несібелі апай өткізген шараға белсене араласқаным үшін сыйлыққа бір тал пластмасса гүл алғаным бар. Сол  күні қуанышымда шек болмаған еді. Қазір уақыт та, қоғам да өзгерді. Ауылдың келбеті аудан орталығынан бірде кем емес. Десе де, соңғы кезде «бұрынғыдай кітап оқуға деген құштарлық жоқ» дегенді оқта-текте естіп жүрміз. Бұл енді біздің ойымызша ұшқарылау пікір. Жуырда Қазалы аудандық орталық кітапханада Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабына арналған оқырмандар конференциясы өткізілді. «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған осынау шара шын мәнісінде жұртшылық тарапынан жоғары баға иеленгенін көзіміз көрді. Конференция барысында өздерінің пікірін білдірген оқырмандардың  таным деңгейі жоғарылығы, ойын еркін жеткізуі ашық көзқарастағы батыл жандардың қатары молайып келе жатқанын дәлелдей түсті. Сондай-ақ Жанқожа батыр ауылында өткен №94 мектепті  мұнан тура 40 жыл бұрын бітірген түлектердің кездесу кешінде аудан кітапханашылары ұйымдастырған көрме де көпшілікті тәнті қылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар да аз емес.  Осы тұрғыда орталық кітапхана мен Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназия бірлесіп, ұстаз, ақын Ғалия Мейірманованың «Бір үзік сыр» атты жыр жинағының тұсаукесер салтанатын өткізді. Шараға ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Қәдірбек Бекетов, зейнеткер ұстаздар Айжаһан Ысқақ, Күлпан Ережепова, Марал Айымбетова қатысып, естеліктерімен бөлісті. Ал №226 гимназия оқушылары ақын шығармаларына қоса өздері жазған арнауларын оқып, әсем әуендерді орындады. Кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Назарова қорытындылап, қатысқан барша оқырмандарға алғысын білдірді.

Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 26 көпшілік кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Кітапханалардың барлығы дерлік бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ғанибай мешіті ғимаратындағы ғасырдан астам тарихы бар №1 кітапхананың  алтын қорындағы сирек кездесетін 78 дана кітап аудан мақтанышы десек, әсірелеу болмас. Көпшілік кітапхана компьютермен жабдықталып, РАБИС бағдарламасы аясында кітап қорының электрондық базасы құрылып, интернет желісі арқылы  оқырмандардың пайдалануына  қажетті сұранымын өтейді. Аудандық орталық кітапхана РАБИС бағдарламасының тіркеу, іздеу, каталогизатор, келуші, берілім сынды бес модулімен жұмыс жасайды. 2015 жылы БҰҰ демеушілігімен «Даму» бағдарламасы аясында Жанқожа батыр, Өркендеу ауылдық кітапханаларынан онлайн орталықтар ашылса, ағымдағы жылы Бірлік ауылдық кітапханасы онлайн орталығы болып халыққа көпшілік қызмет көрсете бастады. Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасы  үлгілі   ауылдық кітапханасы санатында болса, биылғы жылға  Жалаңтөс батыр ауылдық кітапханасына  қаржы бөлініп, үлгілі модельді кітапхана санатын алуға қадам жасалуда.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<