Полицейлер дәріхананы заңсыз тексерген

250

0

Қармақшы ауданының прокуратурасы жеке кәсіпкер Б.Хамидованың дәріхана қызметіне полиция қызметкерлері заңсыз тексеру жүргізгенін анықтады.

Олар «Допинг» жедел-профилактикалық шарасын жүргізу барысында кәсіпкердің дәріханасынан «Кетанов» дәрісі және «Гепарин» жақпамайын сатып алған тұтынушыдан жауап алған. Нәтижесінде аталған дәрілік заттар рецептсіз сатып алынғаны белгілі болып, осының негізінде Б.Хамидованың дәріханасына тексеру жұмыстары жүргізілген. Алайда, «Кетанов» және «Гепарин» құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілер тізіміне кірмейді.

Аталған жағдайды полиция қызметкерлері дәріхана қызметін тексермес бұрын тұтынушыдан дәрілік заттарды алу кезінде оған қоса тіркелетін нұсқаулықпен танысу арқылы құрамында есiрткi және психотроптық заттардың бар-жоғын білуге толық мүмкіндігі болғанына қарамастан жеке кәсіпкердің қызметіне тексеруді бастаған.

Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік кодекстің 154-бабы 2-тармағының талаптарын бұза отырып, жеке кәсіпкер Б.Хамидованың қызметінде тексеру нысанасына жатпайтын мәселе бойынша заңсыз тексеру әрекеттерін жүргізген.

Прокурордың наразылығымен кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы 1-бөлігімен 328 мың теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұлды салу туралы қаулының күші қойылды.

Облыстық полиция департаментіне заң бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмауға және кінәлі полиция қызметкерлерін жауаптылыққа тарту туралы ұсыну енгізілді.

Нәтижесінде кәсіпкердің құқығы қорғалып, заңсыз тексерулерге тосқауыл қойылды.

Қармақшы ауданының прокуратурасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<