Қай кезде де адам жаңашылдыққа ұмтылғаны дұрыс – қызылордалық 57 жастағы студент

2727

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қызылордалық Кендебай Идирисов 57 жасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде құрылыс мамандығы бойынша білімін жалғастырып жатыр. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында кейіпкеріміз қай кезде де білім алған кеш емес екенін атап өтті.

— Алдымен өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Қай жерде өмірге келдіңіз?

— Көршілес Өзбекстанда Навои облысы бар. Сол өңірде қалың қазақ мекен еткен Тамды ауданы бар. Әлі де қазақылықты жоймаған, салт-дәстүрге беріктігімен ерекшеленеді. Мен сол ауданда 1967 жылы дүниеге келгенмін. Қазақ халқының мақтан етер тұлғасы Бауыржан Момышұлы сол өңірге барған уақытында «нағыз қазақтарды осы Тамды ауылында көрдім» деп ағынан жарылған екен. Сондай-ақ белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов «Тамды аруы» деген ән шығарып, туған өлкемді жоғары бағалады.

— Сіздің 57 жасыңызда жоғары оқу орнында білім алуыңызға не себеп?

— Мен жас кезімнен білімімді толықтыруға қызығушылығым ерекше еді. Қазір де сол дағдымнан айныған жоқпын. Қолымнан келгенше шеберлігімді жетілдіріп, білімімді толықтыруға күш салып келемін. Менің ойымша, қай жасқа келсең де, жаңашылдыққа ұмтылған дұрыс. Әрбір адам «Үйренсем, білсем» деген арманына жеткені артық емес. Қазір заман талабы да өзгеріп барады. Біздің жас кезімізде оқыған кейбір талаптар бүгінгі күнмен сәйкес келе бермейді.

Өзім жайлы айтсам, 1988-1991 жылдары Ташкенттегі құрылыс техникумында оқып шықтым. Ал 2006 жылы тау-кен жұмыстары мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдадым. Өмір жолымның 12 жылын арнаулы оқу орнында мұғалім болуға арнадым. 2004 жылы Қызылордаға көшіп келгеннен кейін еңбек өтілім құрылыс мекемелерінде өрбіді. Онда бригадир қызметінен жобалық директор қызметіне көтерілдім. 2013 жылы жеке мекеме ашып, өз кәсібімді жүргізген едім. Десе де бұл жұмыстың өз қиындығы бар екенін айта кетейін. Сондықтан оны уақытша тоқтата тұруға тура келіп отыр.

Қай кезде де адам жаңашылдыққа ұмтылғаны дұрыс – қызылордалық 57 жастағы студент

— Жоғары оқу орнында құрылыс саласы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

— Біршама уақыт бойы сырқаттанып, еңбектен қол үзіп қалдым. Сырқаттан жазылып шыққаннан кейін құрылыс саласы бойынша мамандар іздеген хабарландыруға көзім түсті. Сол бойынша түйіндеме дайындап, аталған мекеменің электронды мекенжайына жіберген едім. Менің еңбек жолымды бағалаған олар сол күні кешке өздеріне қызметке келу жөнінде ұсынысын жолдады.

Содан бері мен өндірістік мекемелердің құрылысын жүргізетін «Ақмарал» ЖШС-де қызмет етіп келемін. Серіктестік басшысы Жақыпжан Садықов — өз саласының білгірі атанған тәжірибелі маман. Мәселен, біз еліміз бойынша әк өндірісімен айналысатын «Сарыопан» кен орнындағы ғимарат құрылысын мерзімінен бұрын аяқтадық. Бүгінде Жамбыл облысының Шу ауданында электровоз шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп жатырмыз.
Сондықтан мен құрылыс саласы бойынша білімімді толықтыруға шешім қабылдадым. Алдағы жылы диплом алатын боламын. Жалпы, үйренсең барлығы басыңда қалады. Өмір жолыңда кәдеңе жарайды. Менің құрылыс саласы мамандығын таңдауыма осындай жағдайлар себеп болды.

Қай кезде де адам жаңашылдыққа ұмтылғаны дұрыс – қызылордалық 57 жастағы студент

— Cіздің жас кезіңіздегі және қазіргі уақыттағы оқудың қандай айырмашылығы бар?

— Айырмашылығы жер мен көктей. Ол уақыттағы технология мүлдем басқаша еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алыс-жақындағы шет мемлекеттердің технологиясы өмірімізге ене бастады. Бұрын қолмен атқарылатын кейбір жұмыстар қазір техниканың күшімен жасалады. Сондықтан заман талабына бағынып, біліміңді жетілдіріп отырған артық емес деп ойлаймын. Жұмыс, оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүрудің қиындығы жоқ.

Қай кезде де адам жаңашылдыққа ұмтылғаны дұрыс – қызылордалық 57 жастағы студент

Жасыратыны жоқ, жасың үлкейгеннен кейін оқу оңайға соқпайды. Алайда оған қарауға болмайды. Барлық тосқауылға қарамауың тиіс. Менің алға қойған мақсаттарым бар. Соны орындауға күш саламын. Ал жастарға айтарым дер уақытында білім алған жөн. Оған бүгінде барлық мүмкіндік бар емес пе? Интернеттен іздеген барлық дүниең табылады. Жалпы, үйренем деген адамға бір мамандықпен шектеліп қалған болмайды. Адам баласы үнемі ізденісте болғаны жақсы. Менің ойымша, әр адам өз мамандығын бағалай білсе, үлкен белестерді бағындыра алады. Үздіксіз іздену жоғары табыстарға жетелейді. Ол үшін уақытыңды дұрыс пайдалана білгенің жөн.

— Сөз соңында отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.

— Мен көпбалалы әкемін, қазір олардан 3 немере сүйіп отырмын.

— Әңгімеңізге рақмет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<