Құрылтай

Қала көркі – ондағы тіршілік жаршысы

3

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылорда – көне шаһар, қазақтың тұңғыш астанасы, талай тарихи шешімдер қабылданған шежірелі мекен. Ал осы қасиетті орданың қазіргі келбеті халқының мақтанышына айналды.Өйткені, көрген көз, тоқыған көңіл, саралай алған сана жетістікті жазбай таниды.Шаһардың биылғы дамуы да айтарлықтай. Бұл туралы қала әкімі Нұржан Ахатов кезекті брифингте мәлімдеді. Облыс орталығында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілуде. Былтыр қала бюджеті 73 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңына дейін ол 154 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы бюджет 94 млрд теңге көлемінде қарастырылса, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы 226 млрд теңгені құрайды.

– Қаржы құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру және кенттер мен ауылдық округтерді дамыту секілді негізгі сала­ларға бағыт­талуда. Алғашқы жарты­жылдықта қала бюджетінің түсімі 79 млрд теңгеге орындалды. Сондай-ақ не­гізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвес­тиция өткен жыл­дың салыстырмалы кезеңімен 116,9 па­йызға артты. Облыс орталығында жал­пы ауданы 201399 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Өнеркәсіп өнім­дерінің өндіріс көлемі 276 млрд 183 млн теңге болса, өңдеуші өнеркәсіп саласында 49 млрд 136 млн теңгенің өнімі өндірілді. Қала­мызда кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін нақты нәтиже көрініс беріп отыр. Жыл басынан бері тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 27 жоба бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы ар­қылы жалпы құны 122,8 млн теңгені құрайтын 5 жобаға қолдау көр­се­тілді. Оған қоса «Аграрлық несие кор­пора­циясы» АҚ арқылы 11 жо­баға қаржы тартылды. Олардың жалпы құны – 1,6 млрд теңге. Екінші деңгейлі банк­тердің кәсіпкерлік мақсатта ұсы­ныл­ған несиелерін «Даму» қорымен суб­сидиялау шаралары жалғасып, бұл бо­йынша жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды. Бүгінде қала кәсіпкерлерінің саны 32 мыңды шамаласа, жұмыспен қамтылғандар 63 мың адамға жетті. Атап өтерлігі, жыл басынан бері шағын және орта бизнес саласында 868,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылды, – деді Нұржан Ахатов. 

Экономиканы әртараптандыру мақса­тында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көр­сетуге арналған жаңа өндірістік ке­шені пайдалануға берілді. Жобаның нәти­жесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды.     Кешенде жылына 600-ден астам жолаушы вагонына техникалық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ жол бойында  «Алаш Метан» серіктестігінің метан газ құю бекеті бар қызмет көрсету кешені іске қосылды. Бұл жоба өңірдегі жол бойы сервистік қызметтердің сапасын арттыруға және тұрғындар мен автокөлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Өңдеу өнеркәсібі саласында «Rem Plast Invest» қағаз және картон зауытының құрылысы іске асуда. Бұдан бөлек, агро­өнеркәсіп кешенінде «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы алдағы уақытта халыққа қажетті өнімдер шығарады.

– Биыл мамыр айында испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» ЖШС-ның санитарлық-техникалық жабдықтар өн­діретін және «Seven Rivers Technologies» ЖШС-ның неміс технологиясымен шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу жобалары басталды. Сол ар­қылы келешекте 600 жаңа жұмыс ор­нын ашуға мүмкіндік бар. Өздеріңіз байқап жүргендей, кейінгі уақытта сау­да базарларын жаңғырту бағытында игі­лікті істер қолға алынды. Бұл бойынша 5,8 млрд теңге инвестиция тарту көз­делген. Қазір «Сұлтан» әмбебап ба­зары толық жаңғыртудан өткізілді. Ал «Асбол», «Сыбаға» және «Талғат» сау­да орындарында құрылыс-монтаж жұ­мыстары жүргізілуде. Туризм сала­сын­да да ірі қонақүй жобалары жүзеге асы­рылуда. Атап айтқанда, қазір «Rixos», «Ibis» және «Pana» қонақ үй­лерінің құрылысы қарқынды. Осының нәтижесінде қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтеруге жол ашылады, – деді қала әкімі сөзін толықтырып.

Биыл қалаға қарасты ауылдарда 7819 гектар алқапта ауыл шаруашылығы да­қыл­дары орналастырылған. Оның ішінде жаңа жоңышқа 690, қант құмайы 57, арпа 90, жаздық бидай 70, жүгері 185, судан шөбі 100, көкөніс, бақша 2450, негізгі дақыл – күріш 2681 гектарға егілді. Ве­гетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу шаралары жүйелі түрде жүр­гізілуде. Шаруашылықтар аяқсу мәсе­лесінен таршылық көріп отырған жоқ. Ал аяқсуды үнемдеу үшін 9 шақырымға созылып жатқан «Қызылжарма» кана­лының науа (лотоктау) құрылысы қолға алынды.

Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 4919 пәтерді сатып алуға 101 млрд 45,7 млн теңге бөлінген. Бұл үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, ипотека бойынша көпқабатты 17, әлеуметтік осал топтарға 155 үй алынады.

Қала әкімінің айтуынша, жыл сайын ауызсу және кәріз су жүйелерін жаңалау тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін да­мыту» бағдарламасы аясында құны 4 млрд 454 млн теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде Гагарин, Титов, Қызылжарма және Әл-Фараби ау­дандарында су құбырлары желісінің құ­рылысы басталады. Одан бөлек ағын суларды тазарту бойынша қуаты тәу­лігіне 70 мың текше метрді құрайтын биологиялық тазарту станциясын жаң­ғырту және автоматтандыру ісі жалғасуда.

– Жыл басынан бері Президент саябағы аумағындағы көпқабатты 15 тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және  Сол жағалаудағы 5 қабатты 10 тұрғын үйге инфрақұрылым тартылуда. Бұл жұ­мыстармен қатар, қаладағы электр желі­лері жаңартылды. Оған қоса Қы­зыл­жарма ауылдық округінің жаңадан қо­ныстанған аумақтарына ауызсу және газ құбыры жүргізіледі. Биыл бюджет қар­жысының басым бөлігі халықтың сұранысы мен талабы жоғары жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағыт­талды. Жалпы құны 38 млрд теңге болатын 23 жоба іске асырылуда. Нәти­жесінде жалпы ұзындығы 71,1 шақы­рымды құрайтын 71 көшеге күрделі жөн­деу, қайта жаңғырту және 1 көпір салу жұмысы жүргізілуде. Қазір 32 көше­де күрделі жөндеу қарқын алды. Был­тыр 8 көшедегі жолдың жағдайы жақ­сартылса, биыл қалған 24 көше бойынша осындай жұмыстар қолға алынып отыр. Ал  «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оң­түстік магистральды канал арқылы өтетін жаңа көпір қыркүйек айында пайда­лануға беріледі. Сондай-ақ Торай­ғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі аралықта орналасқан Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту бір-екі айдың шамасында елдің игілігіне ай­налады. Оған қоса Назарбаев даңғылы мен Тасбөгет кентіндегі А.Иманов, Боз­ғұл-1, Наурыз, Ш.Есенов көшелері қайта жаңғыртылуда. Қазір кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көшеде жол құрылысы қызу жүруде. Ал  Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы бойынша екі жо­лақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жа­быны салынады. Бүгінге дейін айналма теміржол желісі төселіп, электр, бай­ла­ныс, сыртқы жарықтандыру және ауыз­су инженерлік желісін көшіру толық аяқталды, – деді қала әкімі.

Алдағы уақытта облыс орталығынан сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірін салу жоспарланып отыр. Маңызды жоба И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтеді. Жоба құны – 19,5 млрд теңге. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілген.

– Бүгінде Қызылорда еліміз бойынша ең таза қалалар қатарына енеді. Бұл – талап пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Осыдан он жыл бұрын «Қызылорда таза­лығы» мекемесі қаладағы 240-қа жуық көшенің тазалығымен айналысса, қазір оны ауқымы еселеп артты. Жаңадан мөл­тек аудандар пайда болды, көшелер саны көбейді. Ендігі кезекте тазалық меке­месінің жүктемесі қалада 826 көшені қамтиды. Сондай-ақ биыл облыс бас­шылығының қолдауымен қаланы және елді мекендерді абаттандыруға 11 млрд 648 млн теңге бөлінді. Оның басым бөлігіне Президент саябағын қайта жаң­ғырту жұмыстары аяқталды. Бұл дем­алыс аймағында мыңдаған ағаш көшеті, бұталар мен көпжылдық гүлдер егіліп, заманауи спринклерлік және там­шылатып суару жүйелері орнатылды. Саябаққа келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін автожол және автотұрақ құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталып, жақын күндері пайдалануға берілмек. Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері нығайтылып, жанына екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынуда. Осылайша өзен жағалауын су тасқынынан қорғап және тағы бір тамаша демалыс аймағын қалыптастыруға көңіл бөліп отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Айтқандай, дария үстінен Астана мөл­тек ауданы мен Президент саябағын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Бұл жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қолайлы орта қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру шаралары да талапқа сай жүргізілуде. Нәтижесінде балалар ойын және шағын футбол алаңдары, воркаут аймақтары салынуда.

– Биыл облыс орталығында Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дық мерейтойы аясында «Достық үйі­­нің» жаңа ғимараты пайдалануға беріл­ді. Қазақстан халқына қоғамдық қоры­­ның демеушілігімен салынған Инклю­­зивті спорт орталығы ашылды. Елі­міз­де баламасы жоқ, бірегей ғимарат – «Құзыреттілік орталығы» рес­пуб­лика бойынша алғашқы болып айма­ғымызда бой көтерді. Бұл орталық биз­нес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған. Жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «Аi-kerim» оқу-сауықтыру орта­лығы жер­лес­те­ріміздің қуанышын есе­леді. Жоба құны 10 млрд теңгеге жуық­тайды. Лагерь­дің материалдық-техни­калық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. Оның жанынан «Бо­таникалық бақ» пайдалануға берілді. «Бота­никалық бақ» өсімдіктердің біре­гей түрлері өсе­тін орын ғана емес, эко­логиялық мәде­ниеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, ай­мақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналды. Биыл 300 орындық көпбейінді аурухананы пай­далануға беруді жоспарлап отырмыз. Сон­дай-ақ қаланың сол жағалауында 500 орындық емхана, Президент саябағы ау­мағында 200 орындық перинаталдық ор­та­лық салынуда. Қаланың Титов ай­ма­­ғын­­да 400 орындық емхананың құ­­ры­лы­сы жүргізілуде. Мемлекет бас­­шы­­сы­ның тапсырмасына сәйкес Пре­зи­­денттік кітапхананың құрылысы бас­талып, жаңа драма театрдың іргетасы қа­­лан­ды. Бүгінде «Қызылорда Арена» көп­функ­цио­налды спорт кешенінің құры­лысы да аяқ­талуға жақын, – деді қала әкімі сөзін қорытындылай келе.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»