Қамыстыбас және Бекбауыл ауылдық округтерінде болды

821

0

Кеше Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетовтың кезекті сапары Қамыстыбас және Бекбауыл ауылдық округтерінде жалғасты.

Алдымен аудан басшысы Қамыстыбас елді мекенінің ауылдық клуб ғимаратында тұрғындармен кездесті. Жиын барысында өңірдегі оң өзгерістер мен 2022 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар легін атап өтті.

Аудан әкімі өз сөзінде ауданымыздың макроэкономикалық көрсеткіштеріне жіті тоқталып, салық базасын ұлғайту мақсатында 17 млрд. теңге болатын инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде өткен жылғы куаңшылық салдарына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласында өңіріміз ірі көрсеткіштерге ие болды. Алдағы уақытта да қажеттіліктердің кемінде 10 пайызын өз өнімдеріміз арқылы қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесі толықтай суландырылып, жағадан 500-600 метрге алыстап кеткен Қамбаш көлінің қайта қалпына келгендігіне тоқталды. Бұл көл жағасындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысының жандануы мен ішкі туризмнің дамуына тигізер әсері зор.

Кездесуде «Қулы» каналына гидротехникалық құрылыс жұмыстары жүргізелітіндігі айтылды. Бұл құрылыс Қамбаш көлінің суын қалыпты деңгейде ұстауға септігін тигізеді. Аудан басшысы аталған жұмыстарды жүргізетін мердігер мекеме өкіліне құрылысты сапалы әрі тиянақты жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, Қамбаш көлі жағасындағы демалыс аймағының қызмет сапасын арттыру мен тазалығын сақтау жүктелді.

Мұнымен қоса, тұрғындарға елді мекен орталығынан бой көтерген денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жақын уақытта пайдаланылуға берілетіні, келер жылы № 21 орта мектебіне қосымша жапсаржай салу құрылысы басталатынын жеткізді. Сексеуіл кенті мен Шижаға елдімекенінен кейін Қамыстыбасты көгілдір отынмен қамту мақсатында, алдағы уақытта жоба-сметалық құжаты әзірленетінін білдірді.

Тұрғындар тарапынан ауыл аймағында электр желілерінің тозығы жетуі салдарынан халыққа қолайсыздық тудырып отырғандығы айтылды. Бұл мәселеге қатысты тоқ қуатын арттыратын транформатор орнату, желілерді жаңарту үшін жоба дайындалып жатқандығы түсіндіріліп, толықтай зерделену жұмыстары жүргізілетін болды.

Бекбауыл елді мекенінде өткен кездесуде жергілікті халық теміржол вокзалының пайдаланусыз бос тұрғандығы, тұрғындардың басым бөлігі егін шаруашылығына бейім болғандықтан техникалық жағынан қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен бірге, Құмбазар елдімекенінде ұялы байланыс қызметі сапасының нашарлығы, Үкілісай ауылына баратын жол мәселесі, кітапхана қажеттігі айтылды. Аталған мәселелер бойынша теміржол вокзалының «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының теңгерімінде екендігі, ғимаратты тиімді пайдалану мақсатында тиісті ұсыныс берілгендігі түсіндірілді. Жол мәселесіне қатысты алдымен жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген және бастау алған жол құрылыстары аяқталатындығы жеткізілді. Ұялы байланыс қызметінің сапасын арттыру үшін жауапты байланыс операторларына жұмыстар жүргізілуі үшін өтінім берілген. Кітапхана мәселесіне қатысты аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.

Аудан басшысы кездесу өткізген елді мекендерде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың мәселелерін шешу бағытында жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Сапар барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарының бақша дақылдарын еккен егіс алқабына барды. Ондағы егіншілікпен айналысқан шаруалардың өнімдерін көріп, алдағы жұмыстарының берекелі болуына тілектестік білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<