Қауіпсіздік ережелерін қаперден шығармау керек

327

0

Жылу беру маусымында тұрмыстағы табиғи газды қауіпсіз пайдалану аса маңызды. Әсіресе, газ жабдықтарын жиі-жиі тексеріп, пайдалану барысында сақтық шараларын қатаң сақтаған абзал. Осыған орай, бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

– Облыста жылу беру маусымының басталғанына 2 аптадан аса уақыт болды. Қазіргі таңда полиция департаментінің мамандары және волонтерлермен бірлесіп тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстарын үзбей жүргізіп келеміз. Жалпы облыста өрт оқиғасы өткен жылға қарағанда 2,3 есеге азайды. Сондай-ақ, улану фактісі тіркелген жоқ. Осы тұста облыс тұрғындарына айтарымыз, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән беріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек, – деді Асхат Оразбеков.

Брифинг барысында «ҚазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының жауапты мамандары да газ пайдалану барысындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп өтті.

– Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша газдандырылған абонент саны – 130 967 құрайды. Жылыту пештері мен газ құрылғылары біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Бірақ оларға ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау өртке, жарылысқа, тұншықтырғыш газбен улануға әкеп соқтыруы мүмкін. Осы орайда тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын өз бетінше қосуға, жөндеуге болмайды. Сондай-ақ, мұржалардың жарамдылығы жөнінде негізгі ережелерді сақтамау, қолдан жасалған пештерді пайдалану, үйді жылыту үшін газ плиталарын пайдалану аса қауіпті. Газ жабдықтарын дұрыс пайдалану үшін түтін мұржалары мен желдету арналарын уақтылы тазарту керек, – деді «ҚазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы Базарбек Ерімбетов.

– Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында біздің мекеме қызметкерлері жыл соңына дейін 10 000-нан астам жадынама таратуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен «112» нөмірі бойынша мәтіндік хабарламалар жіберу жөнінде бастаманы қолға алды. Осылайша, облыс бойынша «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінен табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша азаматтардың ұялы телефондарына апта сайын SMS-хабарлама жіберілуде, – деді «ҚазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының техникалық-өндірістік бөлімінің басшысы Ислам Бектұрғанов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<