Құрылтай

Қазақстанда «MacCoffee» көлік тұратын гаражда өндіріліп келген

17

0

Фото: ЖИ

Шымкентте “MacCoffee 3 in 1” еритін кофесін заңсыз өндіріп келген жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әділет министрлігінің мәліметінше, кофені көлікжайда өндіріп келген. Әділет органдары мен полиция департаменті жүргізген бірлескен жедел тексеру барысында жасырын цехтың жұмысы тоқтатылды. 

“Күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен сатып алынып, кейін сол жерде термодәнекерлеу жабдығының көмегімен фирмалық қаптамаларға салынып, бөтен тауар белгісі жапсырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, контрафактілі өнім Шымкенттегі шағын дүкендер мен сауда орындары арқылы сатылған”. – деп мәлімдеді ведомство.

Тексеру қорытындысында құқық бұзушыдан “MacCoffee 3 in 1” тауар белгісі бар 4 мыңнан астам қаптама, сондай-ақ өндірісте қолданылған жабдықтар, таразылар және қаптама материалдары тәркіленді.

Құқық иеленушінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәркіленген өнім заңсыз жасалған, сапа талаптарына сәйкес келмейді және тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Заңсыз өндірушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы (Бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Тексеру материалдары алдағы уақытта қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.