Қалалық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Достық үйінде» Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжалы Ерімбеттің мерейлі 70 жасқа толуына арналған іс-шара өтті.
Жиынды қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірбек Шәменов ашып, мерейтой иесінің өмірімен, еңбек жолымен таныстырды. Мерейтой иесіне қаланың Құрмет грамотасы және қалалық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің құттықтау хатын табыстады.
Кеш иесі Кенжалы Райымбекұлының аймақтың журналистика саласына сіңірген ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен қаланың қоғамдық-саяси, рухани дамуына қосқан үлесі үшін «Қызылорда қаласының құрметті ардагері» атағымен марапаттады.
Қаламгердің әріптестері, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов ұжым атынан құттықтау лебізін білдірді. Сонымен қатар, «Кәсіпкер келбеті» газетінің бас редакторы, Шиелі ауданы және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Жүзбай Таңрықбаев, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әуезбек Дүйсенбаев, қалалық білім бөлімі жанындағы «Ардагер ұстаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, алқа мүшесі Мылтықбай Бәйімбетов, «Байқоңыр» ғарыш айлағы саласының ардагері Марат Әбішев, қала әкімдігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Жақсыбай Жәкеев сынды замандастары мерейтой иесіне жүрекжарды тілектерін арнап, өнегелі өмір жолынан әңгіме өрбітті. Сонымен бірге, «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты тобы Ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Қызылорда қалалық филиалы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Оспанов аталған ұйымның құттықтау хатын табыстады. Қалалық «Әкелер» алқасының төрағасы Рысбек Тобылов мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқып, сый-сыяпат көрсетті. Сондай-ақ бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар тағылымды іс-шара аға буынның еңбегін бағалап, ардагерге көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Мерейтой иесі, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кенжалы Ерімбет сөз алып, іс-шараны ұйымдастырушыларға, сондай-ақ ақжарма тілектерін арнаған қаламдас, замандастарына алғысын жеткізді.
«СБ» ақпарат»





