Қызылорда облысының бес ауылында әкім сайлауы өтіп жатыр

318

0

Фото: Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы

Бүгін Қызылорда облысы бойынша 5 ауылдық округте әкім сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың қатарында Арал ауданының Атанши, Қазалы ауданының Басықара, Сырдария ауданының Айдарлы, Шиелі ауданының Керделі, Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдары бар.

Аталған елдімекендерде сағат 7.00-ден №3, 82, 171, 298, 172, 254, 370 сайлау учаскесі ашылды. Әкім қызметіне ниетті азаматтардың басым бөлігі саяси науқанға өзін-өзі ұсыну тәртібімен түскен.

Сайлауға алғаш болып келген аралдық қарт ана Құттыбеке Разақова Атанши ауылының гүлденуіне әрбір азамат үлес қосуға ниетті екенін, ал сайланатын әкім тұрғындардың талап-тілегін ескеруі тиіс екенін айтты.

Ауылдық округте 246 сайлаушы тіркелсе, Басықарада 706, Айдарлыда 827, Керделіде 1687 сайлаушы бар. Ал, Қызылжарма ауылдық округінде 6297 сайлаушы тіркелген.

Жалпы алғанда, 5 ауылдың әкімі болуға ниетті барлығы 13 кандидат сайлауға түсті. Олардың 10-ы өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түссе, 3 кандидат партия атынан ұсынылған.

Еске салсақ, Президент тапсырмасы аясында енді аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланады. Жергілікті мәслихат шешімімен 5 қараша күні пилоттық Сырдария, Шиелі ауданы әкімдерінің сайлауы өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<