Қызылорда облысының бюджеті 600 млрд теңгеден асты

464

0

Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында нақтыланған бюджет 601,3 млрд теңге көлемінде бекітілді. Сессияға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев қатысты.

Сессияда сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл бюджет көлемі 53,9 пайызға артқанын айтып, оның ұлғаюына атсалысқан депутаттар мен сала басшыларына алғыс білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, облыс бюджетінде айтарлықтай өсім бар. Қазір облыс бюджеті 596,2 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы бюджет көлемімен салыстырғанда 208,9 млрд теңгеге, яғни 53,9 пайызға артық. Бүгінгі сессияда бекітілген жағдайда облыс бюджеті 601,3 млрд теңгеге жетеді. Бұл өткен жылдың бекітілген бюджетінен 55,3 пайызға көп. Бюджеттің ұлғаюына қызылордалық Парламент депутаттарының және сала басшыларының үлесі зор», – деді аймақ басшысы.

Бюджет қаржысының тиімділігін арттыру үшін облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының басшылығымен құрамына мүдделі облыстық басқармалар өкілдері енген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы мамыр айында 2023 жылға білім саласына бөлінген бюджет қаржысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қорытындысында ауқымды қаржы үнемдеуге мүмкіндік туды.

Атап айтқанда, облыстың білім беру ұйымдарына бөлінген қаржының бюджеттік заңнама нормаларына сәйкестігі зерделеніп, нәтижесінде жоспардан тыс қаралған қаржы, яғни, 12,9 млрд теңге облыстық бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру бағдарламасын іске асыру үшін 2023 жылға 7,1 млрд теңге бюджетте бекітілді. 2022-2023 жылдары тексеру органдары бағдарлама барысына бақылау жасады. Заңдылықтарға өзгерістер енгізілуіне сәйкес бала саны 35 пайызға дейін қысқарып, 3,8 млрд теңге бюджетке кері қайтарылды.

Үнемделген қаржы аймақтың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге жұмсалмақ.

Сессияда Парламент депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі.

Күн тәртібінде сала басшылары атқарылған жұмыстарын баяндап, бірқатар бағдарламалық құжатқа өзгерістер енгізілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<