Қызылордада «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының тұсаукесері өтті

813

0

Қызылордада республикалық аналар кеңесі бастамасымен қолға алынған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының тұсаукесері өтті.

Шараның алғы сөзін алған Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі жас ұрпаққа өзіндік тәрбие, өнегелі жол көрсетіп келе атқан бірегей кеңес. Әр жыл сайын түрлі шаралар мен қайырымдылық жұмыстардан кенжелеп қалған емес. Игілікті істің төрінен табылатын Аналар кеңесінің алдағы жоспары да ауқымды екенін алға тартты.

Мұнан соң Шыңғыс Айтматовтың «Ана – жер – Ана» прологын ерекше ықыласпен, әсерлі етіп Жастар театрының әртісі Динара Нұрлыбай орындады. Ақынның туындысы арқылы елдегі достық, ынтымақ, ырыс, берекеден асқан ешнәрсе жоқ екендігін жеткізді.

Тұсаукесер барысында қалалық мәслихат депутаты, аналар кеңесінің мүшесі Айгүл Мұсабаева, Алтын алқа иесі Қуанышкүл Мырзабаева, әкелер кеңесінің мүшесі Угай Борис, Славяне этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова отбасындағы тұрақтылық, жастар тәрбиесі, салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу, үлгілі отбасын қалыптастыру бағытында ой қозғап, пікірлерімен бөлісті.

Сырдың ақын қызы Толқын Қабылша өлеңін оқып, «Қуаныш» әжелер ансамблі әсем ән орындады. Ал «Мансап» жеке бастауыш мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды.

Тұсаукесердің жалғасы «Сән мен сымбат» фотокөрмесімен жалғасын тапты.

Фотокөрмеде облыстық ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» жобасының мән-маңызын түсіндіріп, мақсатына тоқталып өтті.

Одан кейін қатысушылар Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әләйдарова әзірлеген қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрмесін тамашалады. Ұлттық нақыштағы киімдер көрсетілімі де көпшіліктің назарына ұсынылды.

Шарада Қызылорда облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Ирина Шек сөйлеп, кеңестің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<