Қызылордалық полицейлер балаларды қуантты

620

0

Фото: Полиция департаменті

Қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген жақсы сөз бар. Жанашырлыққа мұқтаж жандарға жүрек жылуын ұсыну, аялы алақанын тосып, қамқоршысы болу – сауапты істердің бірі, әр адамның азаматтық парызы.

Бұл мақсатта бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы көру қабілеті бұзылған балалардың жаңа жылдық кешіне қатысты.

Мерекелік кеш Қызылорда облысы білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп – интернаты коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өтті.

Жаңа жылдың басты сәні – жасыл шыршаны айналған балалар шаттық пен қуанышқа бөленіп, арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар еніп, түрлі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, балалар арнайы әзірленген концертті тамашалады.

Қызылорда облысы Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасы  бастығының орынбасары полиция майоры Балқожаев Асқар балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, мақсаттарына жете берулерін тіледі. Сонан соң жаңа жылдық шырша мерекесіне жиналған балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарын тарту етті.

Өз кезегінде «№ 5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп – интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылығы «Балалар жылы» аясында интернат тәрбиеленушілеріне жасаған қамқорлықтары үшін Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлына шынайы алғысын білдірді.

Мейірімділікке бастайтын мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<