Өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды

429

0

Өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды Өткен айдың соңында Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында болған жантүршігерлік өрт талай жанның өміріне балта шапқаны әлі естен кете қоймағаны рас. Базарлы үйдің берекесі бұзылып, тұтас отбасы баға жетпес байлығынан, бауыр еті – баласынан айырылды. Әрине бүкіл елді алаңдатқан қайғылы оқиғаны қайталап баяндаудың қажеті жоқ шығар. Алайда, бұл жағдай қауіпсіздік шараларын нығайтып, бей-жай қарамау керектігін тағы мәрте ескерткендей.

Осы оқиғадан кейін Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының (өрт қауіпі бар жағдайлардың алдын алу бойынша) 2018 жылғы 29 наурыздағы талапнамасына және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2018 жылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес сауда саттық нысандарының өртке қарсы жай-күйіне тексеріс жүргізуді тапсырды.   Облыс бойынша тексеруге жатқызылған 20 сауда объектісінің 20-на тексеру жұмыстары толық аяқталды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 219 тармағының бұзылуы анықталып, 22 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 15  ескерту шарасы, 8 әкімшілік іс бойынша 192 мың 400 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 объекті ағымдағы жылдың ақпан айында жоспардан тыс бақылау бағытында тексеріліп, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болды.

Сонымен қатар, сауда объектілерінің басшылары, күзет фирмаларының қызметкерлері мен жұмысшы персоналдарының қатысуымен 13 өрт-тактикалық жаттығулар мен сабақтар өткізіліп, 259 адамның қатысуымен 20 рет нұсқау жүргізілді.

Аудан көлемінде де нысандарға өрт-тактикалық жаттығулар мен сабақтар өткізу жүзеге асуда. Атап айтқанда, 27 сәуірде Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудан көлемінде орналасқан «Нұрлы жол» сервистік қызмет көрсету кешені, «Керуен» сервистік қызмет көрсету кешені және «Ақжол» мейрамханасына жоспардан тыс өрт-техникалық тексеру жұмыстары жүргізді. Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында аталған нысандарға өрт-тактикалық жаттығулар мен сабақтар өткізіп, күзетшілер мен персоналдардың іс-әрекеттері, өртке қарсы су көздерінің жағдайы тексерілді.

Осы ретте «Qyzylorda» телеарнасындағы «Ақиқат алаңы» ток-шоуына Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Қайрақбаев Руслан Сламбекұлы мен ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Ибрагимов Нұрсұлтан Жаңабайұлы қатысты. Телебағдарлама барысында мамандар облыс төңірегінде атқарылып жатқан өрт қауіпсіздігі жұмыстарына кеңінен тоқталды.

«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Қызылорда филиалы мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бірлесіп «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының ғимаратының мәжіліс залында «Өрт сөндіру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарына қойылатын талаптар туралы» дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Дөңгелек үстел барысында Қызылорда облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Қайрақбаев Руслан Сламбекұлы мен  ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Әскери жұмылдыру жұмыстары бөлшімшесінің бастығының міндетін уақытша атқарушы азаматтық қорғау майоры Мақұлов  Бекзат Алпысбайұлы қатысып, ұсыныстарын білдірді.

Айгүл Нұрманова,

Қызылорда облысы ТЖД 

Мемлекеттік тіл және ақпарат 

тобының бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<