Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын, ұрып-соққаным рас – Бишімбаев

339

0

Фото: Сот отырысының трансляциясынан скрин

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаев сот пен айыптаушылар сұрағына жауап берді, деп хабарлады Қазақпарат.

— Бүкіл тараптар жауап алғаннан кейін қинау эпизоды бойынша ұстанымыңыз өзгерді ме? — деп сұрақ қойды судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевқа.

— Жоқ, кінәні мойындамаймын, мен Салтанатты ешқашан қинаған емеспін, — деп жауап берді сотталушы.

Сонымен бірге, Қ. Бишімбаев аса қатыгездікпен адам өлтіру эпизодына да пікірін білдірді.

— Мен асқан қатігездікпен қасақана адам өлтіру кінәсін мойындамаймын, бірақ оның өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын. Менің әрекеттерім оның өліміне себеп болды, ол үшін қатты өкінемін. Бірақ оны қасақана өлтіргісі келді, азаптады деген айыптармен келісе алмаймын. Иә, ұрдым, иә, соққы жасадым — бірақ оны өлтіру мақсатымен емес, мұндай салдар болады деп мүлде ойламадым, — деді ол.

Сотталушы Салтанаттың Нүкенованың бетінен ұрғанын, бас сүйек-ми зақымы болады деп ойламағанын айтты.

Айта кетейік, сот отырысында Салтанат Нүкенованың немере әпкелерінен, құрбысынан және басқа да куәгерлерден жауап алу жоспарланған.

Содан кейін аса ауыр қылмысты жасыру және аса ауыр қылмыс жөнінде хабарламау фактісі бойынша айып тағылған Б.Байжанов жауап береді.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты.

Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ.Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді.

11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.

29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керіс қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген суретті көрсетті.

1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<