«Шахтер» өз алаңында «Қайсар» командасымен тең ойнады

338

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турды Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Қызылорданың «Қайсары» түйіндеді.

Турнир кестесінде командалар қатарлас келеді. Жеңген команда жоғары орындарға жылжитын еді. Сондықтан, ойын басынан белсенді қимылымен ерекшеленді. Алғашқы минуттан қызылордалық футболшылар алға қарай ұмтылды. Соған қарамастан, бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде алаң иелері алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 56-минутында қарағандылық клубтан Юрий Перцух мергендік танытты.

Ойынның 59-минутында «Қайсар» сапынан Дидар Жалмұқан қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Он ойыншымен қалғанына қарамастан, қызылордалық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде Горан Милойко 68, Бен Азиз Загре 70-минутта екі гол соғып кетті.

Ал, 93-минутта «Шахтер» сапынан Кампо Мина Франциско қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Бұл күні тағы бір кездесуде Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Алматының «Қайратына» 1:2 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ, 16 қыркүйекте «Астана» «Тобылдан», «Ақтөбе» «Тобылдан» 2:1 есебімен басым түссе, «Атырау» мен «Қызылжар» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, 15 қыркүйекте өз алаңында «Ақсу» «Оқжетпеске» 0:1, «Каспий» «Мақтаралға» 0:2 есебімен жол берді.

Енді 23-тур ойындары 23 және 24 қыркүйек күндері өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<