Құрылтай

Сталкингке заңмен тосқауыл қойылады

10

0

Сталкинг – адамның еркінен тыс оны жүйелі түрде аңду, бақылау, қорқыту, қайталанатын қоңыраулар мен хабарламалар арқылы мазасын алу, жеке өміріне заңсыз араласу, яғни қудалау.

Бұл – жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, үрей туғызатын әрі оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіретін әрекет.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сталкинг үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабына сәйкес, әркімнің жеке өміріне қол сұғыл­мауына, жеке және отбасылық құпиясының сақта­луына құқығы бар. Бұл құқықтарды бұзғаны үшін заңда жауапкершілік белгіленген.

Егер сталкинг сипатындағы әрекеттер жүйелі түрде қайталанып, жәбірленушінің тыныштығын бұз­ғанымен, ауыр зардаптарға әкелмесе, құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құ­қық­бұзу­шылық туралы кодексінің 73-бабы (отбасы-тұр­мыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) және 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бо­йынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

Ал қорқыту, психологиялық қысым жасау, күш қолданамын деп қауіп төндіру, жеке өмірге заңсыз араласу немесе жәбірленушінің қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіру фактілері анықталған жағдайда, мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-бабы (Қорқыту), 147-бабы (Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу), сондай-ақ жағ­дайға қарай 108-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және өзге де тиісті баптар бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Сонымен қатар, 2025 жылы Қазақстан Респуб­ли­касы Қылмыстық кодексіне 115-1-бап – «Сталкинг» ен­гізілді. Аталған бапқа сәйкес, адамның еркінен тыс оны­мен байланыс орнату, физикалық күш қолда­ныл­ма­са да, оның жеке өміріне қауіп төндіретін жүйелі қу­да­лау әрекеттері қылмыстық жауаптылыққа жатады.

Бұл құқықбұзушылық үшін:
• 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл;
• сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
• 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
• немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.
Полиция органдары мұндай жағдайларда жәбір­ленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғау нұсқамасын шығарып, құқық бұзушыға заңда белгіленген шектеулер қояды. Бұл талаптарды бұзу қосымша жауаптылыққа әкеледі.
Сталкинг – бұл сүйіспеншіліктің немесе қамқор­лықтың белгісі емес. Бұл – адамның жеке кеңістігіне, тыныштығы мен қауіпсіздігіне қол сұғатын құқық­бұзушылық.
Сталкингтің негізгі түрлері

  1. Қудалау
    • Үнемі артынан жүру;
    • Үйінің немесе жұмыс орнының маңында күтіп тұру.
  2. Онлайн-сталкинг
    • WhatsApp және басқа мессенджерлер арқылы мазалау;
    • Әлеуметтік желілерде бақылау жүргізу;
    • Үздіксіз хабарлама мен қоңырау шалу;
    • Жалған (фейк) аккаунттар ашу.
  3. Психологиялық қысым
    • Қорқыту;
    • Ар-намысқа тиетін әрекеттер жасау;
    • Сыйлықтарды немесе кездесуді мәжбүрлеп ұсыну.
  4. Жеке мәліметтерді заңсыз пайдалану
    • Адамның жеке өміріне қатысты ақпаратты жинау;
    • Оны рұқсатсыз тарату немесе жариялау.
    Егер сіз сталкингке тап болсаңыз;
    1-қадам. Байланысты тоқтатыңыз. Сталкерге жауап бермеңіз, пікірталасқа түспеңіз және эмоция білдірмеңіз.
    2-қадам. Дәлелдемелерді жинаңыз.
    • Хабарламаларды сақтаңыз;
    • Скриншоттар жасаңыз;
    • Қоңыраулардың күні мен уақытын тіркеңіз;
    • Аудио немесе бейнежазбаларды сақтаңыз;
    • Мүмкін болса, куәгерлердің мәліметтерін алыңыз. Бұл құқықтарыңызды қорғау үшін өте маңызды.
    3-қадам. Өз ұстанымыңызды нақты білдіріңіз. Бір рет анық әрі сабырлы түрде:
    «Мен сізбен қарым-қатынас жасағым келмейді. Тоқтатыңыз!» – деп айтыңыз.
    Одан кейін байланысқа шықпаңыз және хат алмасуды жалғастырмаңыз.
    Есте сақтаңыз!
    • Сіз кінәлі емессіз.
    • Сіз қорғануға құқылысыз.
    • Полиция сіздің арызыңызды қабылдауға міндетті.
    Егер өз өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнсе, дереу 102 арнасына хабарласыңыз. Полиция сізге қажетті құқықтық көмек көрсетеді.
    Біздің мақсатымыз – қауіпсіз қоғам мен аман отбасын қалыптастыру.

Инабат ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ,
Қызылорда ҚПБ ҚҚб-нің аға инспекторы,
полиция майоры