Ажалдан арашалаған азамат

409

0

Сырбойылықтар елімізге мейірімділігімен, батырлығымен танылып келеді. Осыдан біршама уақыт бұрын қызылордалық Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешенінде 7 қабаттың сыртқы терезесіне ешбір құралсыз шығып, жоғары қабатта салбырап тұрған үш жасар қызды құтқарып ерлік жасаған еді. Бүгінде өз өмірін қатерге тігіп, қиындыққа түскен адамға көмек қолын созған бейбіт күннің батырлары көбеюде. Соның бірі – Серікбол Төребек.

Бүгінгі кейіпкеріміз өртеніп жатқан тұрғын үйдегі бір отбасын құтқарып қалған. Оқиға өткен аптаның жұмадан сенбіге қараған түні, сағат екі шамасында орын алған. Ол такси болып жүріп, Қызылорда қаласындағы «Саяхат» ықшам ауданына адам әкеледі. Сол маңнан қайтып келе жатып, шатыры отқа оранған үйді көзі шалған.

– Саяхат ықшам ауданына адам апарған едім. Күйіктің исі шығып тұрды. Айналаны бағдарлап қарасам, шағын үйдің төбесі өртеніп жатыр екен. Дереу көлігімнен түстім де есік-терезесін ұрдым. Үйді айналып, айқайлап жүрмін. Дыбыс беретін, оянатын түрлері жоқ. Ұялы телефонымның жарығын жағып, терезеден қарағанымда үйде адамдар жатыр екен. Енді кешігуге болмайтынын түсіндім. Бірден 101-ге қоңырау шалып, өрт болып жатқанын, үйдің ішінде адамдар бар екенін, шатыры қызыл жалынға оранғанын мәлім еттім. Мекен жайын айттым да, өрт сөндірушілерден терезені сындыруға рұқсат алдым. Терезені сындырған кезде барып үй ішіндегілер ояна бастады. Дереу есікке барып, жұлқылап, қаттырақ тартқылай бастадым. Бұл кезде үй ішіндегілер есікке қарай келіп қалған еді. Құдайдың кереметін қарасаңшы, сол кезде есік те ашылды. Шамасы, ілгегі жұлынып кетті-ау, деймін. Өртенген үйдегілер сыртқа қарай шықты, – дейді Серікбол.

Үй ішінде 5 адам болған. Отағасы Бағдат Қалмановтың айтуынша, өзімен қоса әйелі мен 3 баласы бар екен. Қайта ешкім зардап шекпеген.

Бір отбасыны ажалдан арашалаған Серікбол – Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол 1997 жылдың 10 қаңтарында дүниеге келген. Әкесі Сапарбек Оспанов қаржылық бақылау инспекциясында еңбек етсе, анасы Оразкүл Әбиева жүйке аурулары диспансерінде жұмыс істейді. Серікбол үйдің кенжесі екен. Алдында әпкесі мен ағасы бар. Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес колледжінен телекоммуникация мамандығы бойынша білім алған. Серікбол бұған дейін Қызылорда қаласындағы 66597 әскери бөлімінде барлаушы болып еңбек еткен. Өзінің айтуынша,  денсаулығына байланысты жұмыстан шығып кеткен. Иә, Серікбол бүтін бір отбасын тосыннан келген тілсіз жаудан құтқарып қалды. Бір қазақтың басына іс түскенде оның көзсіз батырлық танытып, аянып қалмауы расында мақтауға тұрарлық.

Ақтілек БІТІМБАЙ ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<