«Мінбер»-де маңызды мәселелер талқыланды

514

0

Сол жағалаудағы облыстық Жастар ресурстық орталығында жастарды қолдау мақсатында «Мінбер» алаңы ұйымдастырылды. Жастарды толғандырған тақырыптар, жастар саясатын тиімді жүргізу және басқа да мәселелер «Мінбер» алаңында талқыланды. Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов және облыстық жастар маслихаты, жастар орталықтары мен аудандық жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Соңғы кезде ел жастарының түрлі мәселелеріне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қордаланған дүниелер біртіндіп шешімін тауып жатыр. Жастарға қатысты толғандырған тақырыптардың жалаң күйде қалмай, жауапты салалардың тікелей қатысумен шешімін табуы – алдымен мемлекеттің, одан кейін жастардың тікелей мүддесінде. Себебі, жастар қай заманда, қай ғасырда болмасын, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап бағамдауға білуге болады.

Дүние көшіне қазақ дейтін іргелі елдің ілесіп, егемен ел атанып, өзге елдермен иық теңестіре, қатарласа қадам басу жолында ұлтымыздың ұпайы түгел болуы үшін жастар мәселесіне де көңіл қойып, назар тіктеп, зер сала қарайтын шақ туды. Себебі, бұл тақырыпта шым-шымдап толғандыратын шиыршық атқан сауалдар да жоқ емес. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Мінбер» алаңына жиналған жастар еркін ой алмасып, ашық пікірлесті.

– «Мінбер» жастардың еркін пікір алмасу алаңы. Мұнда ешқандай шек, қалып жоқ. Туындаған мәселелер айтылмай, көлеңкеде қалған тақырыптар осы алаңда талқыланады. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Біздің мақсатымыз – жастардың мәселесін тыңдап қана қоймай, осы алаңда шешу, әрі қарай жұмыс жүргізу. Жастарға қатысты кез келген мәселе әлеуметтік желіде емес, осындай орталарда айтылуы керек. Бұл алаңды бірлесіп білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз деген сенімдемін, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Дауылбай.

Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай, «Әділдік жолы» РҚБ Қызылорда облысы филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева, Шахматтан әлем чемпиондарын дайындап жүрген Бибінұр Өткелбай, Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Әліби Басаров, Ақтілек Темірбекұлы, «Кітап құрттары» бірлестігінің басшысы Талғат Меңдібаев, әлеуметтік желі белсендісі Жасұлан Жакупов, Жасұлан Алдабергенов сынды жастар жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісті.

Шахматшы Бибінұр Өткелбай қазіргі таңда әр мектепте шахмат сыныптары ашылып, интеллектуалды спорт түріне үлкен мүмкіндік жасалып жатқанын айтты. Сонымен бірге Жастар орталығымен бірлесіп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге шақырды.

Шара соңында қатысушыларға тимбилдинг ұйымдастырылып, бір-бірін жақын тануға, араласуға мүмкіндік берілді. Жиын соңы фуршетке ұласты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<