Прокуратура медұйымдарды тексерді

237

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облыстық прокуратура органдарымен денсаулық сақтау заңнамаларының сақталуына қадағалауы жалғасуда.

Ағымдағы жылы бұл бағытта 19 (7 аудандық аурухана, 8 қалалық емхана, балалар ауруханасы, психикалық денсаулық орталығы, сәбилер үйі, электронды денсаулық орталығы) тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған 52 қадағалау актісін енгізді.

Нәтижесімен 13 мың адамның құқықтары қорғалды, бұзушылыққа жол берген 242 тұлға тәртіптік (140) және әкімшілік жауаптылыққа (102) тартылды. Бюджетке 27 млн теңге өндірілді. Мысалы, Қызылорда қаласының 1300 астам тұрғынын басқа медициналық ұйымға ескертпестен заңсыз бекіту фактілері анықталды.

Қабылданған шаралар арқылы азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, 31 млн теңге сомасына бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді (3 тәртіптік жауапқа тартылды). Сонымен бірге, әскери борышын өтеуге кеткен және тұрғылықты мекен-жайында тұрмайтын адамдардың алғашқы медициналық көмек үшін төленген 19,6 млн теңге бюджет қаржысы мемлекетке қайтарылды. Мысалы, әскери борышын өтеуге жөнелтіліп, тұрғылықты мекен-жайында болмаған 915 тұлғаға 17 млн теңге төлеген.

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарының тегін медициналық көмек алу мәселесі көтерілді. Байқоңыр қаласы тұрғындарын зейнетақымен қамсыздандыру Ресей Федерациясы заңнамасы бойынша жүргізіледі. Ресей Федерациясымен жасалған келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының зейнеткерлері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде жоқ. Осыған байланысты Байқоңыр қаласының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек алмай келген.

Мәселенің шешімін табу үшін «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» Заңына тиісті толықтыру енгізуді қажет етті. Осы орайда Денсаулық сақтау және Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрліктері заңға өзгеріс енгізу жөнінде қызметтік хат жолданды.

Облыс аумағында денсаулық сақтау саласында тиісті сертификаты жоқ тұлғалар фармацевтикалық қызметпен айналысқан. Мысалы, №3 қалалық емханада маман сертификаты жоқ 2 тұлға ренгтген зертханашысы ретінде жұмысқа қабылданған. Жалпы, Қызылорда қаласының емханаларында 21 медицина қызметкері сертификатсыз жұмыс жасағаны анықталып, қадағалау актілері енгізілді. Осыдан кейін аталған мамандар тиісті біліктіліктен өтіп, сертификат алды.

Ағымдағы жылы медицина ұйымдарында жүргізілген тексеру облыс бойынша 21 мың науқастың тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілмегенін анықтады. Мысалы, Қазалы аудандық ауруханасы 2 942 науқасты тегін дәрілік заттармен тек ішінара қамтамасыз етсе, 400 науқас мүлдем қамтамасыз етілмеген.

Одан бөлек қала, аудан аумағындағы медицина ұйымдарында 6 жасқа дейінгі 2 мыңнан астам балаға дәрілік рецептілер негізсіз жазылған. Ал, Сәбилер үйінде балаларға қарсы көрсетілімі бар дәрілік заттар негізсіз сатып алынып, тағайындалған.

Прокуратураның ұсынуымен заң бұзушылықтар жойылды.

Медицина қызметкерлерінің жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Ішінара тексеру медицина қызметкерлері арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен талапқа сәйкес қамтамасыз етілмегенін анықтады. Бұндай фактілер тексерумен қамтылған 9 медицина ұйымында орын алған. Қадағалау актісінің қаралуы арқылы қызметкерлер арнайы киімдермен қамтамасыз етілуде.

Қызылорда облысының прокуратурасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<