Су тасқыны: Батыс Қазақстанда мамандар сібір жарасы көмінділерін тексерді

177

0

Фото: Pexels

Батысқазақстандық ветеринар мамандар эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп Сырым ауданындағы су басқан 3 сібір жарасы көміндісі орналасқан жерді тексерді.

БҚО ветеринария басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бетондалған саркофагтар мен қоршаулардың тұтастығы бұзылмағаны анықталды.

«Орал обаға қарсы станциясы» ММ Жымпиты бөлімшесінің мамандары осы көмінді орындарынан топырақ сынамаларын алды.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, сынамалар топырақта сібір жарасы спораларының болуын зерттеу үшін «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа» жіберілетін болады.

Сондай-ақ облыс бойынша 8 мал қорымы су астында қалса, соның үшеуі Бөрлі ауданында, біреуі Қаратөбеде, үшеуі Сырымда, біреуі Теректіде орналасқан. Мал қорымдары жұқпалы емес аурулардан өлген жануарларды көмуге арналған. Сол себепті мал қорымдарын су басқан жағдайда да ауру таралмайды.

«Қазіргі уақытта ветеринар мамандар мен жергілікті атқарушы органдар мал қорымдарын тексеріп, су тасқыны кезінде өлген жануарлардың өлекселерін көмуді жүргізіп жатыр. Барлық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін мал қорымдарының аумағын дезинфекциялау жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ ветеринар мамандар жануарлардың аса қауіпті ауруларына, мысалы, сібір жарасы мен қарасанға, құтыруға және басқа да ауруларға қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізеді», – деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ветеринарлардың БҚО-да тасқын кезінде сібір жарасы көмінділерінен қауіп жоқ екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керек.

Батыс Қазақстанда мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<