Сын сағаты соққанда

1793

0

Бірнеше күннен бері Ақтөбе облысының аумағында қатты боран болуына байланысты республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы уақытша жабылып, батысқа қарай бет алған барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Жағдай тұрақталғанша Жаңақорған ауданына қарасты Жаманбай батыр, Манап, Қожамберді ауылдарының және Жаңақорған кенті аумағындағы автотұрақтарға жолаушылар аялдауда.

Сын сағатта жергілікті халық көлік жүргізуші қауымға қонақжайлылық танытып, ыстық тамақ, таза ауыз сумен қамтып, қайырымдылық жасап келеді.Біз осы жағдайды көзбен көріп, көлік иелерінің жай-күйін сұрап қайтқан едік.

Қазіргі таңда, жолдың жабық болуына байланысты аудан әкімдігі жергілікті ерікті жастар мен кәсіпкерлерді, жомарт жүректі аудан тұрғындарын жұмылдырып, жолаушыларға тегін ыстық тамақтар үлестіруде. Аудан әкімдігі аудан төңірегіндегі тұрақтардың иелерімен келіссөздер жасап, тегін тұтынуға жол ашты. Мәселең,күре жол бойындағы мейрамханалар мен азық-түлік дүкендері, т.б. қызмет көрсететін кәсіпкерлердің азық-түлік пен тамақ бағасын көтермеуін қатаң бақылауға алды. Төтенше жағдайлар бөлімінің барлық қызметкерлері, жол полицейлері көлік пен көлік жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін ауысымдық кезекшілікпен тәулік бойы күзетуде.

– Мұнда тоқтатылған көліктердің маркалық номерін, құжатын тіркеп отырамыз, әрі қозғалысқа ыңғайлы етіп орналастыруды да назарда ұстаймыз. Көлік иелерінің арасында татулық болуы, ауа райының жаңалықтарын қадағалап отырмыз. Жол ашылғанша әр көліктің жай-күйі назарда болады, –деді төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Азамат Қорғанбаев.

«Би-бек» тұрағында 138 көлік бар. Мұнда аялдаған бірнеше көлік иелері көлігін сатып, үйіне оралуда. Соның бірі Абдурохим Назимов: – Осыда тұрақтағаныма екі күн болды. «Россияға пияз алып бара жатқан едік. Пиязымды жергілікті кәсіпкерге төмен бағада сатып, фура көлігімді Олх арқылы Түркістандық азаматқа арзан бағада өткіздім. Бір сағатта келіп, алып кететін болды. Түнгі рейспен Ташкентке ұшақ билетін рәсімдеп қойдым. Цифрлы қоғамның осындай көмегімен осындай жағдайдан шығып жатқандар аз емес, –деді ол.

Көлік жүргізушілердің көбі Қырғыстан, Өзбекстан елінен екені анықталды. Олар Ақтөбе, Орал, Батыс Қазақстан арқылы Россияға дейін түрлі тауар тасылмалдап жүрген кәсіп иелеріне әр күн сайын жергілікті халық ыстық ас ұсынуда. Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылдық округіндегі «Жан-Арай» сервистік қызмет көрсету кешенінде ауыл кәсіпкері Абылайхан Тасыбаев Серікбайұлының демеушілігімен Жаңақорған ауданы әкімдігі, ауылдық округ әкімшілігі қызметкерлері, ауыл жастарының қатысуымен жолда қалған жүк көлік жүргізушілеріне бір реттік ыстық ас үйлестірілді.

Жаманбай ауылдық округіне қарасты «Айнұр» көлік тұрағына 170-тен аса көлік тұрақтады. Осы аумақта үш күн бойы жол полицейлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері кірпік қақпай күзетті. Жергілікті халық жолаушыларға қамқорлығы мен қолдауын аянбады. Тарқатып айтсақ, Жаманбай ауылдық округі, Манап, Талап, Қосүйенкі, Қыраш ауылының еріктілері ерледі. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас-ауқатын кезекпен ұйымдастырды. Осындай ауқымды істің басы-қасында жүріп, қонақжайлылық танытқан Жаманбай ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдулаевпен тілдескен едік.– «Төтеннен толған жағдайға ел болып, сын сағатта ауызбіршілігімізді таныттық. Ауылдағы қарапайым тұрғындардан бастап, ел ағалары, жастар, шағын кәсіп иелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпенен қайырымды істі атқардық. Әр ауылдағы азаматтар өзінің шама-шарқынша қолдауын білдірді. «Көп түкірсе көл» демекші әрқайсысы ауызбіршілігін білдірді. Мәселең, түскі асты Түгіскен ауылының тұрғындары ұйымдастырса, кешкі асты Жаманбай батыр ауылының жастары үлестірді. Тұрақ иесімен мәмлеге келіп, тегін қызмет көрсетуін әрі бағаның тұрақтылығын назарға алдық», – деді ол.

Ақтөбе облысы аумағындағы жолдың жабық болуына байланысты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ұзақ жолға шыққан 150-ге жуық жүк көліктерін Жаңақорған ауданының аумағында орналасқан «Бибек» май құю бекетіндегі ашық алаңға орналастырған еді. Осы кешенде үш күн бойы ыстық тамақ, тегін дәрі-дәрмек, ауыз су үлестірілді. Алғашқы күні кәсіпкер Данияр Досантаев білек сыбана іске кірісіп, мәрттігін байқатты. Келесі күні бір топ Жаңақорғандық камазистер қауымы бірлесіп түскі ас ұсынды. Олардың қатарында Қуаныш Жұманов, Нартай Батталов, Бағдат Мырзашеев, Мұ хамеджан Ахметов, Камал Сержан,  Дастан Досантаев және Нұрлан Әбибуллаұлы тосын жағдайға тап келген әріптестеріне қолдау бергелі келіпті. Құдайы ас беріп, Жаратқаннан ауа райының жақсарып, қалыпты көлік қозғалысын тілеген үлкендер ақ батасын беріп жатты.

– «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» – демекші, осындай күйге түскен жолаушы бауырларымыздың шарасыз күйін көрген ерікті азаматтарымыз аудан камазистері жолда қалып қойған жүк көлік жүргізушілеріне ыстық тамақ, сусындар үлестірді. Барша атсалысқан жандарға алғысым шексіз! Ниетіміз түзу, мейірімді, жылы жүректі, қайырымды болайық, ағайын! – деді тәжірибелі көлік жүргізушісі Қуаныш Жұманов.

Мұнда медициналық көмек көрсетуге бір топ мамандар кезекшілік жасады. Оның алғы шебінде аудандық аурухана басшысының орынбасары Бақытжан Әжібеков бастаған мамандар қызметін көрсетуде. Мұндағы 150-ден астам азаматтардың дене қызуы, қан қысымы күнделікті тексерілді. Төтенше жағдайдың алғашқы күнінде тұраққа қойылған жүк көлігінің иесі жағдайы нашарлап, аудандық аурухананың реанимация бөліміне жаткізілді. Бұл туралы жауапты маман:

– Жедел жәдем қызметімен бір науқасты ауруханаға әкелдік. Дәрігерлер оның инсульт алғанын анықтады. Оған Цвз онмк ишемиялык инсульт он жакты гемипарез деген диагноз қойылды. Оралдағы туыстарына хабар берілді, – деді дәрігер Бақытжан Әжібеков.

Қазір науқастың беті бері қарап, терапия бөліміне шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, науқасты дер кезінде ауруханаға жеткізілуі ем-домның нәтижелі болуына себеп болған.

Айта өтейік, қарлы боран басылып, жол ашылды. Бірі үйіне, бірі діттеген жеріне аттанды. Жаңақорғанның қонақжайлылығы мен қамқорлығын көрген ағайын әлеуметтік желіде ақ тілегін айтуда. Соның бірі Нариман Әбубакир инстаграмм парақшасында: «Түркі әлемін тал бесігі киелі саналатын Сығанақ қаласының маңына аялдауымыздың өзінде үлкен мән бардай. Алыс жолға алма жеткізуді мақсат етіп, жол ортасында қалып қойған адам үшін ең қиыны тауардың бұзылмауы үлкен уайым. Осындай сынаққа түскенде түсіме ақ киім киген абыз кіріп, балам басыңды көтер, алмаларың алтынға айналады» дегендей болды. Оянсам, қасымдағы сатушы-көмекшім алмаларымды екі еселегген бағада сатып алатын кәсіпкер тапқанын айтты. Осылайша, киелі мекеннің топырағы бізді қолдап, тығырықтан жол таптым» деген рәуіштің сөзімен бізде мақаламызды түйіндеуді жөн көрдік.

Мақпал МАРҚАБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<