Құрылтай

Табиғи газдың игілігін көретін тұрғындар саны артады

5

0

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қармақшы ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Табиғи газбен қамту аясын кеңейту мен электр желілерін жаңарту бүгінгі күннің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек баяндады.

Спикердің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ тарту жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар толық аяқталғаннан кейін аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі қазіргі 74,8 пайыздан 77,3 пайызға дейін өседі.

Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен ІІІ Интернационал ауылын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Ақтөбе мен Ақжар ауылдарын газдандыру бойынша жобалау жұмыстарын бастау мәселесі пысықталуда.

– Ауданда электр желілерін жаңарту жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Соңғы екі жылда төрт ауылдық округте электр беру желілері қайта жаңғыртылса, биыл жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын тағы төрт ауылдық округтің электр желілерін жаңғыртуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау көзделген. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін аудан аумағындағы тозығы жеткен электр желілерінің 90 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылып, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымының сенімділігі мен сапасы едәуір жақсарады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі