Құрылтай

Табылған мен жоғалған

6

0

Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путинге Амур жолбарыстарын ел аумағына жерсіндіру жобасы таныстырылды. Сонда көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жібергені таспаланған. Әрі бұл жыртқыштарды бақылауда ұстауға арнайы жерсеріктік қарғыбау тағылған. Мамандардың сөзінше, бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдік биоалуантүрлілікті сақтауға елеулі үлес қосады.

Амур жолбарысын елге әкелудегі бір себеп – оның Қазақ даласында бір кездері жортқан Тұран жолбарысына ұқсастығы. Ғалымдар генетикалық зерттеулер арқылы екі тұқымның ДНҚ жасушалары бірдей екенін айтады. Иә, қазір мүлде жойылған Тұран тұқымы біздің Сырдария жағасындағы қалың қамыс арасында мекендегенін көп зерттеуші жазып кетті. Ерекше төзімді Тұран жолбарысының соңғы тұқымы 1947-1948 жылдары Балқаш, Іле өзенінің бойында көзге түскен деген дерек бар. Ал Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағы 1970 жылы дала шерісін толық жойылды деп ресми түрде жариялады.

ЖОЛБАРЫС ЖОЙЫЛҒАНЫМЕН…

Расын айту керек, кейінгі 10 жылда елдегі табиғат пен ондағы тіршілік иелерін қорғау ісі дұрыс бағытқа ойысты. 2000-жылдарғы жаппай браконьерлік дейтін қатыгездікке тұсау салын­ғандай. Барлық мемлекеттік қорық пен өзге ерекше қорғалатын аумақтағы тәртіп күшейген. Нәтижесі жаман емес. Бір кездері саны жағынан 20 мың ғана болған бөкен көбейді. Қазір Қазақстанда 4,7 млн бас киік өріп жүр. Бұл – Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдас­тығының (ҚБСҚ) мәліметі. Одан өзге де сирек кездесетін аң-құстың саны артып отыр.

Дегенмен әлі де жойылып бара жатқан тіршілік иелері жоқ емес. Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті бер­ген мәліметке сүйенсек, елімізде 835 омыртқалы жануар түрі мен тұқымдасы (178 сүт­қо­рек­ті, 489 құс, 104 балық, 12 қос­мекенді, 49 бауырымен жор­ғалаушы және т.б.) бар. Осы­ның ішінде 132 түрі сирек және жойылып кету қаупінде. Көбісі бағалы терілі мен тұяқты жануар­лар. Сондай-ақ кейбірінің саны кері­сінше артқан.

– Былтырғы жылдың есебі бойынша сирек кез­десетін бұғылы жануар­лардың саны артып келеді. Мысалы, тағай бұғысы, құ­лан, арқар және қара­құйрық санында өсім бар. Сонымен қатар, өткен жылы 16,5 мыңға жуық жек­дуадақ мем­лекеттік қорық­тардың қор­­­ғауымен көбейіп отыр. Бұ­дан бөлек, Түркістан облы­сын­дағы осы құсты кө­бейту ор­талығы ар­қылы таби­ғатқа 17 мыңнан ас­тамы жі­берілген. Оның көбісі Маң­ғыстау, Қызыл­орда, Жетісу және Түр­кістан аумағына тара­тылды. Жалпы 2009 жылдан бері таби­ғатқа 90 мың жекдуадақ жібе­рілген, – дейді комитеттің бас­пасөз хатшысы Диана Тағай.

Бір қызық дерек, кейінгі жылдары ел аумағында бұрын тіркелмеген құстардың 20-дан астам жаңа түрі табылған.

– Қазақстанда қазір 520-дан астам құс түрі бар. Жыл сайын ел аумағына жаңа түрлері ұшып келіп жатыр. Оларды көбіне өз бетінше бақылау жүргізіп, фо­тосурет арқылы дәлел­дейтін әуесқойлар анық­тайды. Меніңше, олар­дың да ғылымға қосатын үлесі көп. Өйткені, бізде кәсіби орни­тологтар аз, сондықтан әуес­қой азаматтардың био­алуан­түрлілік туралы білімді кеңейтуге көп көмегі тиюде. Осы ар­қылы құстардың таралуы туралы жаңа ғы­лыми мәлімет тудырып отыр, – дейді орни­толог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко.
Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінде шамамен 60-қа жуық құс түрі әртүрлі деңгейде қауіп-қатерге ұшыраған.

– Құстардың тіршілігіне басты қауіп – олардың мекен ету ортасының жойылуы. Елдегі инфрақұрылымның дамуы, пайдалы қазбаларды өндіру, сулы-батпақты алқаптардың құрғауымен байланысты. Сонымен қатар, қоршаған ортаның ластануы да әсер етеді. Әлемдік деректерде барлық құстың шамамен жартысы азайған, – дейді орнитолог.

СЫРДАҒЫ СИРЕК АҢ-ҚҰС НЕМЕСЕ ШУЛАҒАН ШИБӨРІ

Сыр аумағында да мүлдем көріне бермейтін, қоршаған ортада азайған аң-құс жетерлік. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұсынған дерекке көз жүгіртсек, облыс аумағында «Қызыл кітапқа» енген 20-дан астам түрлі тіршілік иесі бар. Атауы да көп адамға таныс емес. Түрлерін санамалап айтсақ, қызғылт бірқазан, кішкене аққұтан, қутұмсық қаз, алакөз қарала үйрек сынды құстар өте аз қалған. Ал балықшы тұйғынның ұялары соңғы рет 1985 жылы Сырдария жағасында табылыпты. Бақалтақ қыран, бүркіт, ителгі, бидайық, тарғақ, ақбауыр бұлдырық, қоңыр кептер, үкі сияқты құстар Қызылқұм, Бетпақдала, Арал маңында сирек болса да көзге түседі.
Шұбар күзен, шағыл мысығы, түркімен құланы, қарақұйрық, үнді жайрасы мен ерге­жейлі қосаяқ сияқты жануарлар өңір инс­пекторлары мен «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының қатаң қорғауының арқа­сында әзір жойылмай тұр. Ресми деректе атал­ған қорықта 1000-ға жуық құлан, 360-тан астам қарақұйрық, 10 шағыл мысығы тіркелгені айтылады.

Айтпақшы, аймақта шибөрі көп. Тілшілік сапармен жүргенде жергілікті жұрттан еститініміз – осы «ит-құстың» көбейіп кетуі.

Әсіресе, түнімен «шырқата» ән салатынын жиі айтады. Тіпті ауыл сыртына жақын келіп, күндіз жайылымдағы уақ малды тартып кетуге шыққан.

Пошымы қасқырға ұқсағанымен, одан тұрқы кішірек жыртқыштың бар қорегі – тышқан, кесіртке, қоянның көжегі, жылан, бақа сияқты ұсақ жаратылыстар. Тіпті, қауын-қарбызды да жарып жеуге құмар. Одан қалса, өлексені азық етеді. Жылына 8 күшікке дейін табатын бұлар өзен бойында, қамысты жерде, елді мекенге жақын тіршілікке бейім. Былайынша айтсақ, «дала санитары».

Бір белгілісі, шибөрі мал, құс шаруа­шылығына зиян келтіргенде ауланбаса, бы­лайғыда әдейілеп қастандық жасап отырған ешкім жоқ. Жылдан-жылға санының артуына себеп осы. Ал көбейген жыртқышты шектеуде жұмыс нәтижесі жоқ емес.

– Облыста жабайы аңдардың ауыл шаруашылығы жануарларына құтырма ауруын жұқтыру фактілеріне байланысты жыртқыш аңдардың санын реттеу жұмыстарын жүргізіп, аурудың алдын алу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Биыл 13 қаңтардан бастап рейд жүріп, 72 адам мен 34 техниканың қатысуымен шибөріні аулау жұмыстары жүргізіліп, нәти­жесінде жалпы саны 482 шибөрінің көзі жойылды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқар­масының бас маманы Күндібай Қыстаубаев.

БАЛЫҚ ТҮРІ КӨП, БІРАҚ…

Кезекті балыққа берсек. Қазір республикада балық қорын көбейту, оның ішінде жоғалу қаупіндегі түрлерін сақтауда жүйелі іс бар ма? Деректерге сүйенсек, мұндай жұмыс жоқ емес. Бірақ еліміздің «Қызыл кітабына» енген Каспий тілтісі, Сібір бекіресі, пілмай, Сырдария тасбе­кіресі, Еділ майшабағы, Арал албырты, қаяз, Балқаш алабұғасы, т.б. балық түрлерінің саны өте аз. Тіпті кейбіреуі кейінгі жыл­дары таби­ғатта мүлдем кездеспеген. Ал Ба­лық шаруа­шылығы комитеті ұсынған жазбаша мәліметте, тұқы тұқымына жататын кутум балығы көбейіпті.

«2022 жылы кутумнің популяция жағдайы мен тұрақты өмір сүру жағдайлары генофондтың сақталуын қамтамасыз ететін және олардың табиғи көбеюіне қауіп төндірмейтін шектерге дейін қалпына келуіне байланысты «Қызыл кітаптан» шығару ұсынылған болатын. 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Эко­логия және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2023 жылғы 13 маусымдағы №190 бұйрығына сәйкес «Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қою лимиттерін бекіту туралы» ережеге енгізілді. Яғни аулауға рұқсат берілді» дейді комитет дерегінде.

Белгілі ихтиолог, балық өсіруші Мейрамбек Пазылбековтің айтуынша, елімізде бекіре тұқымдас балықтар тым аз. Айталық, Арал бекіресі жарты ғасырдан бері мүлде көрінбеген.

– Елдегі жойылған балықты айтар болсақ, мысал көп. Су байлықтарының ішінде Сырдария тасбекіресі деген түрі бар. Жойылып кету қаупінде тұр. Халықаралық «Қызыл кітапқа» енгі­зілген. Арал албырты деген балығымыз да жойылып кеткен болып есептеледі. Ертіс бассейнінде кездесетін таймен балығының тағдыры қыл үстінде. Сылан балығы 20 жылдан бері көрінбеген. Арал қаязы да «Қызыл кітапта» екінші санатты статуста тіркелген. Жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Осы балық Аралдан Балқаш көліне жерсіндірілген. Қазір қоры аз болса да бар. Түркістан қаязының саны да күрт азайған. Сондай-ақ Шу сүйрікқанаты жайлы ақпарат аз. Балқаш-Іле су айдындарындағы Балқаш ала­бұғасы да «Қызыл кітапқа» енген, өйткені саны тым төмендеп кетіп отыр, – дейді ол.

Ихтиолог айтқандай, жоғалтқанымыз өте көп. Ендігі мақсат – қолдағыны қорғап, ғылыми түрде санын арттыру. Болашақ үшін солай ету керек. Әйтпесе, жыл өткен сайын балықтың кейбір түрлері түгесілуде.

– 2022-2023 жылы Үкімет қаулысымен Арал бекіресін өзім аулап, арнайы квотамен биоло­гиялық негіздеме жасатқанмын. Барлығы 50 дана бекірені табиғи су айдынынан әкелген соң Алматыдағы арнайы шаруашылық тоғанына жібердік. Дұрысы, жабайы балықтарды қолдан жемдеуге үйреттік. Қазір ол тұқым тоғанда өсіп жатыр, тіпті ішінде 13 келілік аналық бекірелер де бар. Алдағы міндет – осылардың уылдырығын алып, арнайы технологиямен көбейту. Артынша уылдырықтан шыққан шабақтарды табиғатқа қайтадан жіберу жұмысы да жүреді. Бір сөзбен айтсақ, барлық ғылым тетігін іске қосып, жеке бизнесті тартып, «Қызыл кітапқа» енген балық­тарды қайта көбейтуге мүмкіндік жеткілікті, – дейді ол.

ҚАЯЗ ҚҰРЫМАЙДЫ

Өңірдегі Қамыстыбас балық питомнигінің балық өсірушісі Қылышбек Байбосынов екі жылдан бері қаязды көбейтуге жұмыс істеп жатқанын айтады. Бірақ дәл осы түр биоло­гия­лық негізде зерттелгенмен, жұмысы аяқтал­маған.

– Тәуекелге бел буып, өсімдікқоректі балықтардың тәжірибесіндегі зауыттық әдіспен қаяз уылдырығын алдық. Нәтиже жаман емес. Қазір питомник тоғандарында қаяз шабақтары өсіп жатыр. Ендігі бір балық – Арал пілмайы. Келешек осы балық түрін де зерттегіміз келеді. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен қаяз балығын жергілікті су қорларында көбейтуге бар күшті саламыз, – дейді ол.

Жалпы кәсібі төрт түлік пен егіннен басқа, өзен-көл жағалап, теңіз сүзетін өңір халқының бір кәсібі балық шаруашылығымен де тығыз байла­нысты. Арал мен Сырдарияға ау құрып, көлде қайық есіп, нәпақа айыратындар жетерлік.

– Облыста халықаралық маңыздағы көлемі 328 мың гектар болатын Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызы бар көлемі 44567,5 гектарды құрайтын 201 су айдыны бар. Сырдария өзені мен Арал теңізі аква­ториясында балықтың 22 түрі мекендейді. Өңірде қаяз балығы «Қызыл кітапқа» енгізілген. Қаяз – тұқы тұқымдасының бір туысы. Мекен ету ортасы негізінен Сыр­дария мен одан бөлектеніп жатқан Шіркейлі су арнасында көптеп кездеседі. Қаязды аулау, жою қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Бір қаязға айып­пұл 3 082 500 теңгені құрайды, – дейді Арал-Сыр­да­рия облыс­аралық бас­сейн­дік балық шаруа­­­шылығы инс­пек­циясының бас ма­­маны Бақтияр Балжанов.

ӨСІМДІК ӨМІРІ ҰЗАРДЫ МА?

Мақалада айтып ке­леміз, бірақ толық тү­сінік бермеппіз. Қа­зақ­станның «Қы-зыл кітабы» дегеніміз не? Бұл – Қа­зақ­стан­да сирек кез­десетін және жо­ғалып ке-ту қаупі төнген жануар­лар­дың, өсім­діктер мен саңырау­құ­лақ­тардың ан-но­тация­ланған ті­зімі. Құжат Үкімет шешімімен 1978 жыл­­­дың қаң­та­рында жа­салды. Со­дан кейін оның сирек кез­десетін жануар­лар­ға қа­тыс­ты ал­­ғашқы бөлімі жария­лан­ды. Кітаптың әр жыл­дары қайта жаңар­­­тылып оты­ра­тынын ескерген жөн. Қыс­қаша осы.

Сол «Қызыл кітап­тың» бірінші басы­лымына сирек кез­десетін немесе жоғалу қаупі бар өсімдіктің 307 түрі енген. Жалпы мұндағы өсімдіктер әртүрлі табиғи ай­мақта таралған. Мысалы, «Ақсу-Жабағылы» мем­лекеттік табиғи қорығында Ба-тыс Тянь-Шань флорасына тән сирек қызғалдақтар, арша және дәрілік өсімдіктер кездеседі. Алтын-Емел ұлттық паркінде шөл және шөлейтке бейімделген өсімдіктер, соның ішінде тораңғы және сирек қызғалдақ түрлері бар. Қатон­қарағай ұлттық паркінде Алтай таулы аймағына тән реликт және дәрілік өсімдіктер таралған.

«Қорықтар мен ұлттық парктер бойынша нақты қандай өсімдіктер қорғалатыны жөнінде толық ғылыми мәлімет дайындау үшін гербарий материалдары мен ғылы-ми деректерге қосымша талдау жүргізу қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді» деп көрсетеді өз жауабында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми-теті.

Бір қуаныштысы, кейінгі жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда кейбір сирек өсімдіктердің табиғи популяциясы тұрақтанып, таралу аймағы сақталып ке-леді. Әсіресе жабайы қызғалдақтардың табиғи өсетін аймағында қорғау нәтижесі көрінген. Ақсу-Жабағылы, Іле Алатауы және Алтын-Емел аумағында қызғалдақтың кейбір түрлерінің табиғи популяциялары жақсы сақталған. Сонымен қатар, арша ормандары мен тораңғы тоғайларын қалпына келтіру бағытында экологиялық жо-балар жемісін беруде.

Оқырманға қосымша мәлімет болсын. Біздің елде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар рес­публикалық және жергілікті маңызы бар болып бөлінеді. Республика-лық маңыздағы ЕҚТА-ға 10 мемлекеттік табиғи қорық, 14 ұлттық табиғи парк, 8 табиғи резерват, 6 ботаникалық бақ, 5 қорық аймағы, 50 табиғи қорықша, 25 та-биғат ескерткіші және 1 дендрологиялық парк кіреді. Ал жергілікті маңызы бар ЕҚТА қатарына 4 мемлекеттік өңірлік табиғи парк, 1 дендрологиялық парк, 22 та-биғи қорықша, 22 табиғи ескерткіш жатады.

«2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша ЕҚТА-ның жалпы аумағы 31,1 млн гектарды құрайды, бұл ел аумағының 11,4%-на тең. Оның ішінде заңды тұлға мәртебесі бар ЕҚТА аумағы 8,21 млн гектар немесе республика аумағының 3%-ын алады. 2018 жылдан бастап қазірге дейін ЕҚТА аумағы 2 980 485,47 гектарға ұлғайды» деп көрсеткен өз жауабында комитет.

Сондай-ақ редакция тарапынан Сыр бойындағы жоғалу қаупі бар өсімдіктер тізбесін сұратқанбыз. Жауапты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық иснпек­ция­сынан алдық. Өңір территориясындағы 20-дан астам өсімдік-бұта жойылып кету қаупінде тұр. Кейбірі тіпті кездеспейді. Мысалы, қалқан-ша­жапырапық, батпақгүл, тораңғыл терек, Қаратау кегегі, Сырдария сыл-дыршөбі, қоңыр жүзген, Сиверс алмасы, кәдімгі өрік, Грейг қызғалдағы, қаршыл шүйіншөп және т.б. түрлер Қызылорда өңірінде сирек кездеседі екен.

Тау-қыраты мен жазығы, шөлі мен шабын­дығы да бар елдің осындай табиғи қазынасын аз-маз тақырыпқа арқау еткендейміз. Жолбарыстан басталған жазбаның мақсаты – оқырманды ойланту. Ел байлығы саналған мұндай көп бай­лық­тың жойылмауы жалғыз қорықшыға қажет емес еді. Ой-санасы түгел бізге де аң-құстың аман­дығы керек. Сондықтан қолына мылтық ұс­тап, аң атқан, ау салып, балық сүз-ген кей жұрттың шектен шыққан ісіне көзжұмушылық – әрбір қоғам мүшесінің қатесі дер едік. Тәңір берген табиғат байлығы түгесілмесінші.

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»