Тамызда елімізде рекордтық мөлшерде жауын жауды

173

0

Қазақстанда тамыз айы жаңбырлы болды, жауын-шашын мөлшері бойынша елімізде рекорд тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.

Синоптиктердің дерегінше, тамыздың алғашқы онкүндігі мен үшінші онкүндігінің басында антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде +34+43°С-қа дейін ыстық болды. Осы күндері республиканың кей өңірлерінде ең жоғары ауа температурасы бойынша рекорд тіркелген.

Мәселен, 2 тамызда астанада ауа температурасы +34,3°С дейін көтеріліп, 2021 жылғы рекорд (+33,2°С) жаңарды, 5 тамызда Ақтауда ауа температурасы +41,5°С-қа жетіп, 2015 жылғы рекордтан (+40,2°С) асты, ал Алматыда +38,5°С болып, осы күнгі рекорд тіркелді. Бұған дейін абсолют жоғарғы температура 2015 жылы +37,1°С болған еді.

Тамызда жауын-шашын мөлшері жөнінен де рекорд орнады. Мәселен, 10 тамыз Қарағандыда бір тәулік ішінде 54 мм жаңбыр жауды. Бір айдағы норма – 29 мм. 11, 12, 13 тамызда Алматы облысының таулы, тау бөктеріндегі аудандарының кей жерлерінде 15-43 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауып өтті (12 тамызда Алматыда 26 мм жаңбыр жауды, норма – 34 мм. 14 тамызда Мыңжылқы метеостанциясында 7 мм-ге дейін қар жауды). Ал 27, 31 тамызда Түркістан облысында 15-24 мм нөсер жаңбыр жауды (27 тамызда Шымкентте 28 мм жауды, бір айдағы норма – 4 мм). Бір ай ішінде жел күшейіп отырды, оның екпіні 15-32 м/с дейін жетті, ал 31 тамызда Достық метеостанциясында (Жетісу облысы) желдің екпіні 45 м/с дейін жетті.

Астанада ең төмен ауа температурасы 14 тамызда тіркеліп, +8,7°С болды. Ал ең жоғары – +35,4°С 23 тамыз күні тіркелді. Бір ай ішінде 27 мм жауын-шашын түсті, айлық норма – 31 мм (норманың 87%-і).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<