ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ТАРАЗЫСЫ

353

0

Алты алашқа ана болған Сыр елінің бас қаласы Қызылордаға биыл 200 жыл. Екі ғасырға жуық тарихы бар іргелі қаланың өткеніне бір сәт көз жүгіртіп, бүгінін, бағдарлы болашағын бағамдау мақсатында «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры облыстағы тарихшылар мен әдебиетшілер арасында «Қызылорда – тарих пен тағылым таразысы» атты байқау ұйымдастырды. Байқауға келіп түскен үздік жұмыстар конкурстың ақпараттық демеушісі, республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналында жарық көрді. Жуырда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада көптен күткен айрықша байқаудың қорытындысы жарияланды.

– Байқауға 50-ге жуық ғылыми жұмыс келіп түсті. Арал, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының мұғалімдері белсенділік танытты. Соның ішінен 20 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Облыстық білім беру ұйымдарынан қатысқан ұстаздар ғылыми жұмыс барысында Қызылорда қаласының өткен тарихы мен әдебиеттегі даму жылдарын тақырыпқа арқау етті. Атап айтқанда, тарихшылар қаланың 200 жылдық даму жылнамасындағы тарихи даталарға сүйене отырып, жаңа көзқарастағы авторлық материалдарын ұсынса, әдебиетшілер қала тарихына көркем туындылар арқылы үлес қосқан жазушы, ақын, драматургтардың қолтаңбасы айшықталған ғылыми жұмыстарды тапсырды, – деді қор директоры Нұрлан Нұрмаханов.

Ауқымды шарада қалалық ішкі саясат бөлімі жанындағы жастар ресурстық орталығының директоры Жанболат Досмаханов та сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға алғысын жеткізді. Шара соңында тарих саласы бойынша жүлделі І орынды жаңақорғандық Ләззат Жұмабекова иеленді. Ал, әдебиет саласы бойынша І орын Назерке Әбдіходжаеваға бұйырды. Жеңімпаздар арнайы Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен мараппатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдебиет пен мәдениеттегі талай қабырғалы қайраткерлердің табаны тиген Ақмешіттің өткеніне арналған мұндай байқаулар жалғасын таба беретін болады.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<