Конституция

Теміржол вокзалдары қайта түледі

7

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртудан өтуде. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және «Төретам», «Сексеуіл» станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы «Талап» бекетінің платформасы енгізілген болатын.

Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Өткен сенбі, жексенбі күндері облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған, Шиелі және Қазалы теміржол вокзалдарының ашылу рәсіміне қатысты.

Оңтүстік ауданның бір қақпасы

Жаңақорғандағы рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жо­лау­шыларға қолайлы және қауіпсіз, өңір­дің заманауи келбетін айшық­тай­тын нысандарға айналатынын атап өтті.

– Облыс аумағы – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.

Бүгінде аймағымыздан халық­ара­лық және өңіраралық теміржол бағыт­тарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сон­дықтан темір­жол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.

Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне жүз жиырмадан астам жолаушы өткізе алады. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абаттан­ды­рылды. Нысан заманауи талап­тарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жа­рақ­талған. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қыз­мет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде облыс аумағынан 15 жолау­шы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көк­шетау, Семей, Түркістан қала­ларына 6 жолаушылар пойызы жүреді. Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде.

Теміржол вокзалдары қайта түледі

Ел аумағындағы теміржол вокзал­дарын қайта жаңғырту туралы Прези­дент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөн­деуден өтіп, абаттандырылды. Бұ­дан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Терең­өзек және Жалағаштағы 2 қызмет көр­сету пунктіне күрделі жөндеу жасалып жатыр. «Талап» бекетінде 322 млн теңгеге 1188 шаршы метрлік жолау­шылар плат­формасын жаңғырту жұ­мыстары аяқталды.

Шиелі: Тәулігіне 200 жолаушы

Шиелі теміржол вокзалының ашы­лу рәсімі де салтанатты жағдайда өтті.

Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолау­шы­ларға жасалған игілік екенін жеткізді.

– Аумағы 9474 шаршы метр бо­латын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабыл­дай­тын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда да ғимараттың қас­беті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыс­тырылды. Электр желілері, жылу жүйе­сі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды.

Әлгінде Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық. Жаңа нысан­дар баршаңызға құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада вице-министр Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлім­бетов сөз сөйлеп, сала қызмет­кер­лері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен мара­патталды.

Қазалы: Тарихи ғимараттың жаңа келбеті

Жексенбі күні жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы жолаушылар игі­лігіне берілді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Искалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары салтанатты сәттің куәсі болды.

Теміржол вокзалдары қайта түледі

Аймақ басшысы аудан тұрғында­рын құттықтап, жол-көлік инфра­құ­рылымын дамытудағы бас­та­малар, оларды жүзеге асырудың маңыздылығы туралы айтты.

– Бүгін біз ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын ресми түрде іске қосамыз. Күніне 350 жо­лаушы келіп-кететін, аумағы 8860 шаршы метр ғимарат 1 млрд 290 млн теңгеден астам қаржыға қайта жаң­ғыртылды. Жаңа нысанда аудан тұр­ғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетіледі деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Ашылу салтанатында Марат Искалиев пен Қазалы аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, теміржол сала­сында еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мердігер мекеме өкілдері мара­патталды.

Жалпы, облыс аумағындағы вокзалдар өткен ғасырдың басында «Орынбор-Ташкент» магистралі жүргізілген кезеңде салынған.

Қазалы теміржол вокзалы – жай нысан емес, ғасырлық тарихтың куәсі, ауданның өсіп-өркендеу жолындағы маңызды символдардың бірі. Іргетасы ХХ ғасырдың басында Ақирек тауынан қашалып, түйе керуенімен жеткізілген тастан қаланған екен. Қабырғасы күйдірілген кірпіштен өрілген. Ерекше сәулетімен дараланған бұл ғимарат 1980 жылы архитектуралық ескерткіш ретінде арнайы есепке алынған.

Бүгінде Қазалы ауданының аума­ғында 91 шақырым теміржол желісі бар, тәулігіне 12 жолаушылар пойызы өтеді. Соңғы рет 2013 жылы жөндеуден өткен. Былтыр сәуір айында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қаржы­ландыруымен «Бақ Береке» ЖШС ғимараттың іргетасы мен қа­бырғаларын күшейтіп, шатырын то­лық жаңартты. Есік-терезелерін ауыс­­тырып, күту залдарын заманауи та­лаптарға сай жабдықтады. Мүм­кін­дігі шектеулі азаматтарға қолайлы ор­та жасалып, қауіпсіздік жүйелері ор­натылды. Ана мен бала бөлмесі, меди­циналық пункт бар. Аумағы абат­тандырылып, жаңа келбетке ие болды. Маңындағы инфрақұрылымды жақ­сарту бағытында да ауқымды жұ­мыс­тар атқарылды. Биыл қаңтар айында теміржол үстіндегі жаяу жүр­гіншілер көпірі пайдалануға берілді. Осылайша Әйтеке би кентінің теміржолдың келесі бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғын үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынау мүмкіндігі жасалды.

«СБ» ақпарат