Теңізді өлкенің мерекелік тартуы

288

0

Бүгін айдынды Арал ауданының жыршы-термешілері Қазалы ауданына арнайы келді. Мақсаты – теңізді өлкенің 95 жылдығына арналған мерекелік концертті қазалылық ағайынға тарту ету.

Соған сәйкес бүгін Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Төгілсін ән – жыр бұлағы» атты мерекелік шара өтті.

Арал аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жиылған көпшілікті айтулы мерейтоймен құттықтап, аралдық ағайынға ақ тілегін жаудырды.

– Өздеріңізге белгілі, Қазалының қасиетті топырағынан талай айтулы өнер тұлғалары өсіп-өнді. Қорқыт бабамыздың күңіренте тартқан күй-сазы, Роза апамыз бен Мәдинаның әуелете айтқан әні, Кеңес Дүйсекеевтің музыкасы бүгінгі ұрпақтың жүрегінде.

Сол секілді құт қонған Қазалы мен айдынды Аралдан шыққан даңғайыр, дара жыршы-термешілер де аз емес. Бүгін солардың дәстүрлі арнасын жалғап келе жатқан Айна Қонысбайқызы бастаған жыршы-термешілер Қазалы, Арал аудандарының құрылғанына 95 жыл толуына орай өздерінің сый-құрметтерін көрсетіп, кеш өткізіп жатыр. Сондықтан ежелден өнер қонған қасиетті жерге арнайы келіп, халықтың ыстық ықыласын алуды құп көрген Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Арал аудандық мәдениет орталығының директоры Айна Тұяқованы аудан әкімінің «Құттықтауымен» және «Мәдениет саласының үздігі» Базар Қостайқызын «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-сыяпатын табыстады.

Кеште жасы 80-ге таясада жас балаша әуездете ән салған Базар Қостайқызы құшақ жая қарсы алған Қазалы халқына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Одан бөлек, аралдық өнерпаздардың әсем әні мен жүрекке жететін жыр-термелері жиналған көпшілікті қуанышқа бөледі. Көрші ауданнан келген ағайындар мерекелік кешті «Аралдың адамдары» әнімен қорытындылап, қошеметке бөленді.

Шара соңында Айна Қонысбайқызы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа сыйлық табыстап, аралдық ағайынның сәлемін жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<