Түрмеге трамадол мен 5 телефон лақтырмақ болған

670

0

Қызылордада Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің қоршауынан скотчпен оралған 2 дана белгісіз затты лақтыруға әрекеттенген қызылордалық тұрғын қолға түсті.

Бұл жөнінде жедел түрде 102 нөміріне хабарланды. Аталған мекемеге Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы жедел жетті.

«Тексеру барысында ішінен 100 дана трамадол дәрісі мен бес телефон, екі қуаттағыш құрылғы табылды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 481-бабына сәйкес іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды. Онда қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру жағдайы көрсетілген», – деді мекеме бастығы Мақсұт Өтетілеуов.

Ведомство мәліметінше, департамент тарапынан сотталғандардың пайдалануы мен қолданылуына тыйым салынған заттардың жолын кесу жұмысы қатаң бақылауда тұр.

– Жыл басынан осындай сегіз дерек тіркелді. Оның 2-не қылмыстық іс қозғалса, 6 дерек бойынша сот қаулысымен ескерту жасалды, – деді Мақсұт Өтетілеуов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<