Үздік баспасөз хатшылары анықталды

1511

0

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында облыстық «Сыр бойы» газетінің сайтында «Үздігін таңдаңыз!» байқауы ұйымдастырылды. Онда бірқатар саланың, қала және аудан әкімдерінің баспасөз хатшылары сынға түсті.

Билік пен БАҚ арасында дәнекер бола жүріп, өздері көбіне тасада қалатын мамандардың арасынан үздігін анықтауға оқырман өте белсене араласты. Нәтижесінде Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бәкіров басым дауыспен жеңіске жетті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми өкілі Лаура Шоңғалова екінші, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жанат Жәлиева үшінші орыннан көрінді.

Нұрбол Бәкіров – 2017 жылдың тамызынан бері осы қызметте. Оған дейін аудан әкімінің көмек­шісі болды, аудандық жастар ресурстық орталығын басқарды.

– БАҚ-пен жұмыс істеу әуелгіде қиындық тудырды. Өйткені мамандығым журналист емес еді. Бірақ бірнеше жыл бойы аудан әкімінің қасында жүріп, жазу-сызуға жақындай түстім. Қызық әрі жауапкершілігі жоғары жұмысқа осылай бет бұрған жайым бар, – дейді ол.

Он жылдан бері спорт саласын үздіксіз ақпараттандырып келе жатқан Лаура Шоңғалова да баспасөз хатшысы боламын деп еш ойламаған.

– Бұл жұмысқа қызығу­шы­лығым тек жарыстарға бар­ғанда пайда болды. Ол кездегі атмосфера, жеңіске деген ынта-жігер, жанкүйерлер қолдауы – барлығы қатты əсер етті. Сырбойылық спортшылардың жетістіктерін жарыққа шығарған жылдарым – мен үшін үлкен мектеп, – дейді ол.

Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар табысталады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<