Көмекбаев ауылындағы №185 қазақ орта мектебіндегі химия кабинетін нағашы ағам, өмірлік ұстазым Байұзақ Жұматаев атынан ашайын деп жатырмыз деген хабарды естігенімде, қатты қуандым. «Жаңақалада» ол кісі ұстаздық еткен жылдары көптеген шәкірттері медицина институтына түсті. Бір оқушысы Ворошиловоградта өткен Бүкілодақтық олимпиадада жүлделі үшінші орынға ие болды. Мектепті «Алтын медальға» бітірді. Мақтау қағаздарымен мадақталып, төсіне «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін тақты.
Мен 1982 жылы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен №254 «Кекірелі» қазақ орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі, математика пәні мұғалімі болып келдім. Мектеп басшысы Байұзақ ағам, он жылдан астам бірге еңбек еттік. Институтты бітіргеніме бір жыл болған жас маманмын. Өмірімде завуч болмақ түгілі, бірлестікке жетекші болып көрмегенмін. Оның үстіне өзімнің ағамның қарамағына жұмысқа келдім. Жауапкершілік екі есе күшейді. Осының бәрін дұрыс түсінген Байұзақ ағам маған барлық жұмысты оқушыға сабақ түсіндіргендей үйретті. Бастапқыда атқаратын жұмыстың барлығын өзі істейтін. Сабақ кестесін жасаудың өзі қиынның қиыны еді-ау. Осылай үйрендік, қалыптастық.
Осы кезге дейін бірнеше мектепте қызмет етіппін. Бұл кісідей іскер басшы, білімді маманды кездестірмеппін. Ол кісі бірінші орынға білімді қоятын. Ешқашан мұғалімдердің (өзі бастап) себепсіз сылтау айтып, сабақты жіберуіне жол бермейтін. Қалай болғанда сабақ өз мәнінде өту керек. Жылдық жоспар жасалып, сол бойынша барлық іс-шара жүргізілетін. Апталықтар, кластан тыс жұмыстар, ашық сабақтар, тәрбие сағаттары үзбей өткізіліп жататын. Өзі де ашық сабақ өткізетін. Жұбайы Ханбибіге де міндетті түрде ашық сабақ қойдыратын. Ашық сабақ берген директорды өз басым одан кейін көрген емеспін. Өткізгенде қалай өткізетін! Мастер-класс көрсететін. Ашық, саңқылдаған дауысымен бүкіл оқушыны баурап алатын. Қатысып отырған мұғалімдер, оқушылар ұйып тыңдайтынбыз. Тақтаның үстіндегі Менделеевтің таблицасын нұсқағыш таяқшасымен көрсете отырып, біркелкі маржандай жазуымен жазып, оқушылардың жетесіне жеткізе отырып түсіндіретін.
Мектеп басшысы ретінде ол кісі өте жайдары, әділ басшы болды. Мұғалімдер өздерін еркін сезінетін. Талапшыл. Сабақтарына үнемі қатысып, жетістіктерін бағалап, кемшіліктерін саралап отыратын. Сондықтан мұғалімдер жұмыстарына ұқыптылықпен қарап, оқушыларға сапалы білім беруге тырысады. Олардың аттестациялық парақшаларын толтырып, санатын көтеруге ықпал жасап, еңбегін бағалап отырады.
Аудан әкімшілігіне, аудандық білім бөліміне, совхоз басшылығына, басқа да басшылық ұйымдарға қатынас-хаттар жазып, байланыс жасап, қажетті көмек алып тұрды. Сонау аудан орталығынан 300 шақырым, совхоздан 150 шақырым жерде тұратын шағын ғана орта мектеп, 50 орындық интернат үшін су жаңа Т-40 тракторын, су жаңа Газ-53 автомашинасын алудың өзі неге тұрады. Нағыз білікті басшы емес пе?! Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық білім басқармасының бастығы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі бұл кісінің мықтылығын, іскерлігін мойындап, санасты.
Салалы саусағымен қатты шашын артқа қайыра тастап, ірі-ірі тістерін көрсетіп риясыз күлгені ерекше жылулық сыйлап, мейірімін төгіп тұратын. Еріксіз еркелегің келетін. Ал қазір тек сағыныш қалды. Әттең, ертерек кетті. Осы кезге дейін жүре тұрғанда ғой деген сәл пендешілік өкініш бар. Әрине, мектептегі бір кабинетті Байұзақ Жұматаев атынан ашып жатса, бұл – құптарлық іс, ерекше құрмет. Балалар үшін, келешек үшін аянбай еңбек етіп, сапалы қызмет істеген бұндай азаматтарға ауыл орталығынан бір көшенің атын берсе не мектепте оқушылар арасында жылына бір рет олимпиада өткізіп тұрса, артық етпес еді-ау. Келешек ұрпақ біліп жүреді. Үлгі тұтар, шәкірттері мақтанып айтып жүрер еді. Осындай құрметке әбден лайық кісі ғой. Майталман басшы, кемеңгер ұстаздың қасында жүріп, қосын тігіп, атын жеккеніме мақтанамын.
Әлихан ӘЛІПОВ,
зейнеткер